Әзербайжанның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 211 млн доллардан асты
БАКУ. KAZINFORM – Әзербайжан Қазақстан экономикасына 211,4 млн доллар инвестиция құйды. Ал Қазақстанның Әзербайжан экономикасына салған капитал көлемі 114 млн доллар болған.
Әзербайжанның Энергетика министрі Пярвиз Шахбазов пен Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысында Әзербайжан арқылы өтетін түрлі бағыт бойынша қазақстандық мұнайдың транзитін ұлғайту мәселесін талқылады. Сондай-ақ, Орталық Азиядан Еуропаға «жасыл энергия» экспорты үшін дәліз құру жағы қаралды.
«Өткен жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жүк тасымалының көлемі 1,5 есе, 4,3 млн тоннаға дейін ұлғайды. Бұл ретте, орта дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемі 65%-ға немесе 2,8 млн тоннаға дейін артты. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 314 млн доллар болды. Бүгінде Әзербайжанның Қазақстанға жинақталған инвестициялары 211,4 млн долларға, ал Қазақстанның Әзірбайжан экономикасына құйған капитал көлемі 114 млн долларға жетті», - деді Марат Қарабаев.
Кездесуде Әзербайжан-Қазақстан инвестициялық қорын құру, өнеркәсіптік парктерде бірлескен өндірісті ұйымдастыру, «Алят» портында астық терминалын салу, кеме жасау саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың оккупациядан босатылған аумақтарда іске асырылатын жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, әртүрлі бағыт бойынша қазақстандық мұнай транзитінің көлемін ұлғайту және орта дәліз бойынша жүк тасымалдау мәселелерін талқылады.
Комиссияның 21-ші отырысы келесі жылы Бакуде өтеді.