Әзербайжанның Шуша қаласы Түркі мемлекеттерінің мәдени астанасы атанды

БАКУ. ҚазАқпарат – 2022 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болған Түркияның Бурса қаласы эстафетаны Әзербайжанның Шуша қаласына салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әзербайжанның Шуша қаласы Түркі мемлекеттерінің мәдени астанасы атанды

Бурса қаласында Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен «Бурса – түркі әлемінің мәдени астанасы 2022» жылының ресми жабылу рәсімі өтті, оған «Шуша күндері» екі күндік қоғамдық-ойын-сауық бағдарламасы да кірді.

Шараға Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гүней Эфендиева, ТҮРКСОЙ Бас директоры Сұлтан Раев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас директоры Кубанычбек Өміралиев, сондай-ақ бауырлас түркі мемлекеттері атынан өкілдік ететін дипломаттар, жергілікті әкімдік басшылары, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Бүкіл әлемдегі түркі халықтарының ғасырлар бойғы құндылықтарын зерттейтін, қорғайтын және насихаттайтын Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қоры Бурсада «Шуша күндерін» өткізу бастамасын көтерді және бұл ұсынысты түркі елдерінің мемлекет басшылары қолдап, Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйымының IX саммиті аясында қабылданды, бұл оның декларациясында да көрініс тапты», - деп атап өтті Гүней Эфендиева.

Осылайша, «Шуша күндері» аясында Бурса тұрғындары мен қонақтары «Шушаның бірегей маржаны» көркем-деректі фильмінің премьерасына, «Менің жүрегім Шушада қалды» спектаклінің қойылымына, әлемге әйгілі фотограф Реза Дегатидің фотокөрмесіне, сондай-ақ Әзербайжан Ұлттық киім орталығының жетекшісі сәнгер-дизайнер Гүлнара Халилованың «Қарабақ» коллекциясының көрсетіліміне барды.

«Yeddi gözəl» жобасы да келушілердің назарын аударды, оның негізгі идеясы – ортақ түркі тамыры мен бай тарихи мұрасы бар (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Мажарстан) жеті елдің музыканттарынан тұратын септет (жеті орындаушыдан тұратын музыкалық ансамбль) құру. Ұжым құрамында Қазақстан атынан халықаралық конкурстардың лауреаты және Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисі Майя Медетбек қатысты.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл шара түркі әлемінің бай тарихи және мәдени мұрасын насихаттауға және бауырлас елдерді ұлттық және рухани құндылықтар негізінде жақындастыруға ықпал етеді. Оған қоса, қатысушылар Әзербайжанның көрнекті тұлғаларының отаны және бай мұрасының бесігі – Шуша қаласының алдағы жылы түркі мемлекеттерінің мәдени астанасы деп жариялануы тарихтағы жаңа және орасан зор белес екенін атап өтті.

Серікбол Қошмағамбетов