«Азғындарға аяушылық болмауы керек» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 маусым, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бүгінде, жасыратыны жоқ, адамның өз-өзіне қол жұмсауына байланысты небір жантүршігерлік оқиғалар орын алып жатады. Мектептен келген оқушының көз айнала беріп асылып қалғанын, баласы бар әйелдің көпірден нөпір суға қарғып кеткенін, қол ұстасқан жастардың үйдің биік қабатынан секіріп, құлдилай құлағанын талай адам естіп, көріп білді. Ал осындай жағдайда «неге» деген сұрақ жұрттың бәрін мазалайтыны анық. Оған тосқауыл қалай қойылмақ? Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр? Осы орайда кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен кәмелеттік жасқа толмағандардың өз-өзіне қол салуы, оларға зорлық қылу және оның алдын алудың мәселелері бойынша селекторлық кеңес өтті.
Кәмелетке толмағандардың арасында мұндай қайғылы оқиғалардың орын алуының басты себептерінің бірі ата-аналар тарапынан балаларға дұрыс бақылау мен тәрбиенің жоқтығы. Сондықтан үлкендерге қашанда балаларға ерекше көңіл бөлу қажет, дейді Премьер-Министрдің орынбасары. Ол, әсіресе, Білім және ғылым министрлігінің осы салаға тікелей жауап беретін қызметкерлерінің тиімсіз жұмыс істеп отырғанын ерекше сынға алды. Кеңесте Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер, Әділет, Инвестиция және даму министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері сөз сөйледі. Бұл жайында «Қайтсе кемиді?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Бас басылымның жазуынша, Өскеменде татар халқының белгілі ақыны, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлелдің ескерткіші ашылды. Тарихтан белгілі, Мұса Жәлел 1942 жылы ауыр жараланып, тұтқынға түседі. Концлагерьде жасырын топ құрып, кеңестік тұтқын-жауынгерлердің лагерьден қашуын ұйымдастырады. Оның жазған өлең-жырлары тұтқындағы серіктерінің арасында кеңінен таралады. Ол құпия ұйым құруға қатысқаны үшін Плетцензее әскери түрмесінде өлім жазасына кесілген. Облыс орталығының Протозанов пен Қайсенов көшелерінің қиылысында бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына Татарстан Республикасының мәдениет министрі Айрат Сибағатуллин бастаған меймандар келді. Делегация құрамында «Татарстан - жаңа ғасыр» телеарнасының түсірілім тобы да бар. Сондай-ақ, шараға еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Ферхо, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов, облыстық татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ғабдулхай Ішмұратов және өңірдегі татар этносының өкілдері қатысты. Бұл материал «Мұса Жәлел ескерткіші ашылды» деген тақырыппен берілген.
***
Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңестің бірлескен отырысында мәлім болды», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы « Азғындарға аяушылық болмауы керек» деген мақаласында.
Бұл ретте елімізде енді тек бүлдіршіндерге ғана емес, сондай-ақ 18 жасқа толмаған жас қыздарға да жыныстық зорлық көрсеткендерді «педофил» деп тану қарастырылуда екен. Палата комитеті мен «Нұр Отан» фракциясы кеңесінің бірлескен отырысында «Қылмыстық жазаға тартылған тұлғалардың әлеуметтік бейімделуі және интеграциясының мәселелері» тақырыбы талқыланды. - Қазіргі кезде республиканың бас бостандығынан айыру мекемелерінде ұсталатын сотталғандардың 27 пайызы - адам өлтіргендер, 24 пайызы - ұрлықшылар, тонаушылар және қарақшылар, - деді Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Азамат Базылбеков. - Тағы 18 пайызы - есірткіні заңсыз таратқаны, 10 пайызы - адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені, 8 пайызы - нәпсіқұмарлық зорлығы, 7 пайызы - сыбайлас жемқорлық қылмыстары және 6 пайызы басқа да қылмыстары үшін отыр.
Осы басылымда «Назарбаевтың құрметіне «iPhone» шықты» атты материал жарияланды. Зергерлік «Caviar» бренді Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арнап коллекциялық «iPhone» жасап шығарды. Бұл туралы Smart Luxury Group Ltd баспасөз қызметі хабарлаған екен. Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл телефон Нұрсұлтан Әбішұлының мерейтойына арналып отыр. Оның сыртында оюлар өрнектеліп, еліміздің елтаңбасы бейнеленген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының кескіні мен алтынмен жазылған қолтаңбасы бар. «Элементтердің барлығы италиялық техникамен және қымбат металдармен қолдан жасалған. Телефонды өндірушілер Нұрсұлтан Назарбаев адами ұлылықта сирек кездесетін тұлға деп отыр", - делінген өндіруші кәсіпорынның хабарламасында.
Ерекше "мерейтойлық" шығарылымға өндірушілердің ресми сайты арқылы қол жеткізуге болады.
***
«Экспресс К» газетінің бүгінгі санында « Совсем штраф потеряли » деген материал басылды. Алматы облысы шенеуніктерінің қызметтік көліктеріне 30 млн теңгеден астам айыппұл салынған көрінеді. Алайда осы халық қызметкерлері де, олар жұмыс істеп жүрген мекемелер де айыппұлды өтеуге асығар емес.
Бұндай мәліметтерді өңірлік мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қаосы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері жариялады. Негізгі бұзушылықтар ішінде қызметтік көлікті заңсыз пайдалану және жол жүру ережесін бұзу фактілері тіркеліп отыр. Қызметтік көлікке екі мыңнан астам айыппұл салынғанымен, алайда ол өтелмеген көрінеді.