Ажар Ғиният: Медтехникалаларды сатып алу орталықтандырылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі медициналық техникалардың тозуы 49,6 пайызды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы «СҚ-Фармация» арқылы бүкіл медициналық техниканы орталықтандырып сатып алуға көшуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі былтыр барлық техника бойынша түгендеу жүргізді. Оның қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының жарақтандырылу деңгейі 83 пайызды құрады. Медициналық техниканың тозуы 49,6 пайыз деңгейінде болды. Қазіргі уақытта осы жүйенің негізгі проблемалық мәселелері мыналар: жарақтандырудың жеткіліксіздігі және қолда бар медициналық техника паркінің тозу деңгейінің жоғары болуы; жергілікті жерлерде медициналық техниканы сатып алу кезінде бағаны жоғары ұстауы; денсаулық сақтау ұйымдары үшін қолжетімді медициналық техника лизингі тетіктерінің болмауы; отандық медициналық техниканы жасаудың даму деңгейінің төмендігі», - деді министр.
Ажар Ғинияттың айтуынша, осыған байланысты аталған проблемаларды шешу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС базасында медициналық техниканы сатып алуды екі кезеңде орталықтандыру жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ретте 1-кезеңде 2022 жылғы наурызға дейін жергілікті атқарушы органдардан ұсыныстар мен өтінімдер жинау, медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, сәуір айының соңына дейін сатып алуға техникалық ерекшеліктерді біріздендіру, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министрлігінің электрондық қаржы орталығының алаңындағы ақпараттық жүйелер мен өтінімдерді жинауды автоматтандыру пысықталады. Сонымен қатар мамырдан бастап электрондық сатып алуды өткізу және 2025 жылға дейін медициналық техникаға қажеттілікті талдауды аяқтау жоспарланған. Одан кейін қаржыландыру көздерін айқындай отырып, 2025 жылға дейін басым бағыттар бойынша Медициналық техникамен жарақтандыру бағдарламасы бекітілетін болады.
«Ал 2-ші кезеңде отандық және шетелдік медициналық техниканы өндірушілерімен өндірісті оқшаулау мәселелерін пысықтау жөніндегі іс-шараларды іске асыру, ұзақ мерзімді шарттардың тетіктерін әзірлеу, сатып алу практикасына өмірлік маңызды циклды және кешенді түрде жарақтандыру үшін жаңа жобалардың «Дайын күйде» басым бағыттары бойынша медицина техникасын сатып алу келісімшарттары тетіктерін енгізу жоспарлануда», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, аталған іс-шаралар жоспарлау мен сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге, қажетті медициналық жабдықтармен жарақтану деңгейін арттыруға, сатып алуды шоғырландыру және техникалық тапсырмаларды біріздендірудің есебінен сатып алынатын медициналық техниканың құнын төмендетуге, сервистік қызмет көрсету мен кадрларды оқыту сапасын арттыруға, ҚР медициналық техника нарығында отандық тауар өндірушісінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.