Ажар Ғиният өзінің алғашқы дәрігерлік қателігі туралы айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің алғашқы дәрігерлік қателігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өзімнің алғашқы қателігім әлі де есімде. Кезінде ішек инфекциясы індеті бойынша баланы емдеген едім. Баланың дене қызуы түсіп, жағдайы жақсарып келе жатқан болатын. Ал үшінші күні дене қызуы қайтадан көтеріліп, түрі бозарып кетті. Сол кезде әріптестерімнің көмегіне жүгініп, жеткіншектің ем-домына қатысты кеңестік. Осы орайда баланы ішек инфекциясы бойынша емдеп жүрсем, онда пневмония болған», - деді А. Ғиният Мәжілісте заң жобасын таныстырғаннан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның атуынша, кейіннен дұрыс диагноз қойылып, бала аман-есен емделіп шыққан.
«Баланың жағдайы жақсарғанша, жансақтау бөлімінен шықпадым», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі.
Фото: gov.kz