Ажырасу істерінің неше пайызы лудоманиядан болады – судья пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Лейла Зинашева ажырасу ісі бойынша жасалатын медиациялық келісімдерден алименттен бас тарту тетігін алып тастауды ұсынды.

Лейла Зинашева
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Сот мәжілісінде ажырасу талабын қоюшылардың көбі аналар. Олардың ішінде алиментті ресми төлетуден бас тартатындар бар. Айтатын уәждер – баласы болғандықтан да былай да көмектеседі. Бізде медиация қызметі дамығаннан бері медиациялық келісімнің күшін жою туралы даулар пайда бола бастады. Өйткені медиациялық келісімдердің кейбірінде анасы алименттен бас тартатыны көрсетіледі. Менің ойымша, мұндай келісімге жол беруге болмайды. Өйткені осындай келісімге келу арқылы әке мен ана баланың құқығын, заңды мүдделерін таптайды. Бала кәмелетке толмағандықтан ондай келісім жасай алмайды. Жалпы ата-ананың екеуі де қай жақта жүрсе де баласын асырауға жауапты. Мен осында келісімдерге жол бермеу үшін медиаторлардың әдеп ережесін бекіту керек деп ойлаймын. Сол ережеге осы алимент мәселесін нақтылайтын нормалар енгізуді ұсынамын», - дейді судья.

Сондай-ақ, ол лудоманияның ажырасу статистикасына қалай әсер етіп жатқанын айтты.

«Ажырасу талабымен келген 100 істің ішінде бір-екеуі істің себебі лудомания болып жатады. Бірақ бұл нақты статистика деуге болмайды. Өйткені Сотқа жүгінушілердің бәрі ажырасудың себебін ашып айта бермейді. Сот оны қазбалап сұрай алмайды. Заңда сондай норма бар. Екі тарап ажырасудың себебін сотқа айтпаймыз деп шешсе, судья қазбалап сұрай алмайды. Ал бір тарап ажырасуға келіспейтін болса, сондай жағдайда ғана себебін қазбалап сұраймыз», - деді Лейла Зинашева.

Соңғы жаңалықтар