АЖТҚ жүйесі жол-көлік апаты кезінде мыңдаған адамның өмірін құтқарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдан бастап апатты жағдайдағы төтенше қоңырау (АЖТҚ) қазақстандық жүйесі сынамалы режимде қолдануға беріледі, деп хабарлады Қазғарыш баспасөз қызметі.

АЖТҚ жүйесі жол-көлік апаты кезінде мыңдаған адамның өмірін құтқарады

АЖТҚ автоматтанған ақпараттық жүйесі автокөлік құралдарына орнатылған борт терминалдарынан апат туралы хабар алады және Қазақстанның барлық облысындағы бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметке (БКДҚ 112) хабарлай алады.

Өз кезегінде, АЖТҚ жүйесінің арнайы үйретілген операторы БКДҚ 112 электронды карта арқылы нақты координатаны анықтап, дауыс қызметі арқылы жүргізушімен тілдесіп, алынған ақпаратты жедел өңдейді және жедел қызметтерге (жедел жәрдем, жол-патруль қызметі) жолдайды.

АЖТҚ жүйесінің виртуалды ұялы операторы құрылғанша, борт терминалынан деректер алу қызметін ел аумағын барынша қамтитын қазақстандық ұялы байланыс операторларының бірі атқарады.

2017-2019 жылдары аппарат құралдары сатып алынады, АЖТҚ жүйесінің виртуалды ұялы операторы құрылады және жол-көлік апаты туралы төтенше қызметке жылдам ақпарат беруге арналған «ЭРА-ГЛОНАСС», «ЭРА-РБ» жүйелерімен және «eCall» біріккен еуропалық автомобиль жүйесімен үйлестіру жұмыстары жүреді.