Ажырасу неге азаймай отыр? - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Ажырасу неге азаймай отыр?» атты мақала жарияланды.
«Қазақстан іскер əйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сəрсембаева отбасы, отбасылық қарым-қатынас, отбасы құндылықтарын сақтауға əсер ететін оң жəне теріс факторларды атап өте келе, статистикалық мəліметтерді келтіре кетті. Онда жылына 360 мың баланың дүниеге келуі жақсы көрсеткіш болғанымен, өкінішке қарай, жылдан жылға ажырасу жағдайы көбейіп, толыққанды отбасы саны азаюда екен. 2005 жылы ажырасқан отбасы саны 35 834 болса, 2015 жылы 53 293-ке жеткен. Заңды некеде тұрмайтындардың саны артуда. Бұл өткен жылға қарағанда 6,6 пайызға өскен. Некесіз бала табу көрсеткіші өскен. Көп балалы отбасылардың жағдайы əлі де мəз емес», - делінген аталған материалда.
***
Кеше Астана экономикалық форумы өз жұмысын аяқтады, деп жазады «Айқын» газеті. Оның «Қазақстан» орталық концерттік залы кешенінде өткізілген негізгі іс-шарасы - пленарлық отырысына Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, АЭФ мінбері арқылы жаһандық идеяларын жария етті.
- Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму, өңірдің және тұтас әлемнің әл-ауқаты мен өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі сындарлы идеялар мен көзқарастарды талқылауға әрдайым әзір. Биыл біз іргелі тақырып - жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланысты, - деді Н.Назарбаев.
Елбасы экономикалық өсімді жандандыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасау қажеттігін атап өтті. Бұл үшін табыстарды спекулятивті қаржылық құралдарға ауыстыра бермей, білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылымға қайтара инвестициялаған жөн.
- Бүгінде сарапшылардың бағалауы бойынша, оффшорлық есеп-шоттарда 30-40 триллион долларға дейін қаржы сақталуда. Осы активтерге, тіпті бір пайыздық жаһандық салық енгізу дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау салаларын сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берер еді. Бұл салық қаражаттарын жоғарыда айтылған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болар еді. Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы деоффшоризациялау бойынша тиімді шаралар ұсынуға тиіс деп санаймын, - деп мәлімдеді Қазақстан Көшбасшысы.
Сөз соңында Мемлекет басшысы бүгінде төрткүл дүниеде халықаралық диалогтың әртүрлі форматтары барлығына, жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар өткізілетініне назар аудартты. Толығырақ, «Елбасы жаһандық Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынды» атты мақаладан оқуға болады.
Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің мүшелерімен кездесті. Бұл туралы «Айқын» басылымы «Астана» халықаралық қаржы орталығы танымалдыққа ие болады» атты мақалада xабарлады.
Кеңес мүшелері қатарында ЕҚДБ президенті С.Чакрабарти, JP Morgan Chase International директорлар кеңесінің төрағасы Д.Френкель, The Blackstone Group төрағасы әрі негізін қалаушылардың бірі С.Шварцман, Ресей Сбербанкінің президенті әрі басқарма төрағасы Г.Греф сияқты беделді қаржы институттарының басшылары бар.
Қазақстан Президенті Орталықты құру ісі еліміздің экономикасын әртараптандыруға және оның қазіргі жағдайдағы орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық реформалар аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. - Жобаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатымен конституциялық заң қабылданды, инвесторлардың жұмысы үшін теңдессіз жағдайлар жасалды. Дербес формат бойынша қызмет ететін және ағылшын құқығы қағидаттарын қолдануға, шетелдік судьяларды қатыстыруға негізделген арнаулы жүйе жұмыс істейтін болады, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Астана халықаралық қаржы орталығы бүкіл өңір үшін жұмыс істеп, уақыт өте келе танымалдыққа ие болады деп үміттенетінін жеткізді.
***
«Түркістан» газеті оқырмандарға Ілия Жақановтың сұxбатын назарға ұсынып отыр. Қазақ музыкасы мен әдебиеті ұлттық руханияттың қос қанаты десек, екеуінің арасына алтын көпір орнатып, бірінің сырын екіншісі арқылы ашып берген белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың есімі дара аталады. «Еділ мен Жайық», «Ақтамақ», «Жайлаукөл кештері», «Әселім-әнім» сынды сырлы әндерімен қазақтың кең даласын тербеткен, Атыраудан Алтайға дейінгі атырапты түгел аралап, ұлттық музыка жауһарларын түгендеген композитор жуырда мерейлі 80 жасқа келді. Сұxбат «Ілия Жақанов, композитор: Тыңдарман мағынасыз әндерден мезі болды» атты тақырыппен беріліп отыр.
«Ешуақытта жеңіл-желпі ән жазуға құмартқан емеспін. Сұхбат кезінде тілшілер «Эстрадаға көзқарасыңыз қандай?» деген сұрақты жиі қояды. Бәріне берер жауабым біреу: Бибігүл Төлегенова айтқандай, нөл деп бағалаймын. Өйткені қазақтың мінез-құлқын, әдет-ғұрпы мен салтын, бүкіл болмысын өзгертіп жіберген арзанқол, жеңіл-желпі әндердің зардабы бүгінгі жастардың түкке тұрмайтын әләулайына ұласты. Бүгінгі тыңдарман Батыстың ықпалымен жазылған мән-мағынасыз әндерден мезі болды. Ең сорақысы, арзанқол әнмен атақ шығарып, «жұлдыз» болуға құштарлық жұқпалы індет секілді жастардың бәріне жұқты. Олардың орындап жүргенін қазақтың әні деуге болмайды. Бұл сорақы әндерді қазақ музыкасының, ұлттық өнеріміздің қатерлі ісігі дер едім», - дейді І. Жақанов сұxбат барысында.
***
Қазақстан Danti атты жаңа киберқылмыскерлер тобының әрекетінен жапа шеккен елдердің қатарынан табылып отыр, деп жазады «Экспресс К» басылымы.
«Ресейлік «Лаборатории Касперского» сарапшылары соңғы айларда Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде үлкен белсенділікке ие кибер шабуылдардың толқынын байқауда. Олардың әрекетінен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Мьянма, Непал және Филиппин қолданушылары жапа шегіп отыр», - делінген «Danti по прозвищу крокодил» атты мақалада.