Азиада-2017: Денис Тен қысқа бағдарламада тоғызыншы орын алды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың жұлдызы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Азиада-2017 ойындарында қысқа бағдарламасын тоғызыншы орынмен аяқтады.
Тен мұз айдынына шыға салып бір рет құлап қалды. Осы сәтсіздікті төрешілер қалт жібермей, оған бар-жоғы 72,98 балл берді.
Ал одан бұрын тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рахымғалиев өз өнерін ортаға салған болатын. Ол 54,80 балл жинап 14- орынға табан тіреді.
Бұл жарыста қытайлық спортшы Джин Боянг - 92,86 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орын Уно Шома - 92,43 ұпай жинады, ал үшінші орынды тағы бір қытайлық спортшы Ян Хан - 91,56 иеленді.
Еске сала кетейік, Денис Тен жақында ғана Алматыда өткен 28-қысқы Универсиаданың чемпионы атанған болатын. Онда қысқа бағдарлама бойынша 94,91 ұпай нәтижесімен көш бастап тұрған. Ал еркін бағдарламада төрешілер қазақстандыққа 172,06 ұпай берді. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша, Тен 266,97 ұпай жинап, бірінші орын алған еді.
Фото: Данияр Майлыбаев