Азиада-2018: 30 тамыздың қорытындысы

ЖАКАРТА. ҚазАқпарат - 30 тамыз Қазақстан спортшылары үшін табысты өтті. Бүгін біздің атлеттер Азия ойындарында үш алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Азиада-2018: 30 тамыздың қорытындысы

Елімізге бүгінгі күннің алғашқы алтынын каноэ мен байдаркада ескек есушілер сыйлады. 500 метрге байдаркамен жарысуда Илья Голендов, Сергей Токарницкий, Алексей Дергунов және Евгений Алексеев төрттігі алтын жүлдегер атанды. 

Сондай-ақ, бүгін Илья Голендов пен Андрей Ергучев және Тимофей мен Сергей Емельяновтар күміс жүлдеге қол жеткізді. И.Голендов пен Е. Ергучев  байдаркада, Т. Емельянов пен С. Емельянов каноэде сынға түскен болатын. 

Батутта секіруден Азия ойындарының қола жүлдесі қоржынға түсіп, Пірмаммад Алиев финалда үздік үштік қатарынан көрінді. 

Дзюдошылар көптен күткен алтынға иелік етті. 81 келіде сынға түскен Дидар Хамза Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Бұл Дидардың ірі халықаралық жарыстардағы алғашқы жүлдесі.

Велотрекші Артем Захаров омниум бойынша үздік үштікке енді. Бұл Артемнің биылғы Азия ойындарындағы екінші қоласы. 

Ватерполдан Қазақстан ерлер командасы ширек финалда Индонезияны 20:4 есебімен жеңді. Ертең біздің команда финал жолдамасына таласу үшін Қытай құрамасына қарсы шығады. 

Азия ойындарындағы алғашқы матчта Таиландты 20:5 есебімен жеңген регбиші қыздар кейін Жапониядан ұтылды. Есеп - 21:31.

Кураштан Қазақстан командасының Азия ойындарындағы алғашқы жүлдесін 90 келіде белдескен Ерсұлтан Мұзапаров жеңіп алды. 

Үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы атанған Ольга Рыпакова жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Ольга қашан да өз биігінде. 14.26 метрге секірген Рыпакова Азия ойындарының чемпионы. 

Жеңіл атлетикадан Қазақстан әйелдер командасы эстафетада қола жүлдегер атанды. 

30 тамыздағы көрсеткіш бойынша, Қазақстан құрамасында 60 медаль бар. 11 алтын, 11 күміс және 38 қола. Жалпы командалық есепте әзірге 11-ші орындамыз.