Азиада-2018: Қазақстан жалпы есепте 12-ші орынға сырғып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы есепте алғашқы ондықтан шығып, 12-ші орынға сырғып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін қазақстандық спортшылар Азия ойындарында спорттың 10 түрінен бақ сынады. Алайда, екі спорт түрінен 4 қола медаль ғана жеңіп алып, 12-ші орынға сырғып кетті.
Айталық, осыған дейін қабарлағанымыздай бүгінгі күннің алғашқы қола жүлдесін татами шебері Галбадрах Отгонцэцэг жеңіп алса, екінші қоланы тағы бір дзюдошы Елдос Жұмақанов иеленді. Ал үшінші қола медальға велотректен Артем Захаров қол жеткізсе, төртінші қола медалді жеңіл атлетикадан 400 метрге аралас эстафетадан жүгіруден Қазақстан құрамасы еншіледі.
Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 8 алтын, 9 күміс, 34 қола медальмен жалпы есепте 12-ші орынға тұрақтады.
Ал көш басында жарыстың алғашқы күнінен бері қарай Қытай құрамасы келе жатыр олардың еншісінде дәл қазіргі көрсеткіш бойынша 102 алтын, 67 күміс, 50 қола (219) медаль бар. Ал екінші орынға 52 алтын, 47 күміс, 63 қола (162) медаль жеңіп алған жапониялықтар ие болып тұр. Үздік үшінші орында 37 алтын, 42 күміс, 50 қола (129) медальға қол жеткізген Оңтүстік Корея спортшылар келеді.