Азиада-2018: Қазақстандық дзюдошылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Жакартада дзюдо бойынша Азия ойындарының жеребесі тартылып, қазақстандық балуандардың алғашқы қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азиада-2018: Қазақстандық дзюдошылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды

ҚР Дзюдо федерациясы баспасөз қызметінің қабарлауынша бүгін татамиге 4 салмақ бойынша балуандар белдеседі. Ерлер: -60 кг, -66 кг; әйелдер: -48 кг, -52 кг.

Елдос Сметовтың (-60 кг) алғашқы қарсыласы индонезиялық Мохаммед Лювис. Оны жеңсе отандасымыз Отар Бестаев (Қырғызстан)\Йонг Джае Ан (Солтүстік Корея) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал Елдос Жұмақанов (-66 кг) болса, жарысқа екінші айналымнан қосылады. Оның қарсыласы Эркембайар Баттогтох (Моңғолия)/Сурасак Пунтанман (Тайланд) арасындағы кездесуде анықталады.

Қыздар арасынан Отгонцэцэг Галбадрах (-48 кг) та жарысқа екінші айналымда қосылады. Ал Кәмшат Қарасайқызы (-52 кг) болса, Солтүстік Кореялық Сонг Син Риммен күреседі.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Жакартада өтіп жатқан Азия ойындарында дзюдо бойынша сайыстар Астана уақытымен сағат таңғы 8:00-де басталады.