Азиада-2018: Жалпы командалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға көтерілді
ЖАКАРТА. ҚазАқпарат - 31 тамыз қазақстандық жанкүйерлер үшін жалғыз алтын медальмен және екі боксшымыздың финалға өтуімен есте қалды. Сондай-ақ, бүгін қазақстандық ватерполшылар аса тартысты өткен матчта жеңіске жетті, деп хабарлайды Olympic.kz.
Бүгінгі күннің басты оқиғалары.
Байдарка мен каноэде ескек есушілер іріктеуден сүрінбей өтті. Ертең қазақстандық спортшылар алты бағдарлама бойынша финалда бақ сынайды. Палембангта өтетін ескек есушілер додасының таңғы сағат 07.30-да басталатынын еске саламыз.
Триатлоншы Анастасия Автушко үздік ондықтан сырт қалды. Ол жүзу, веложарыс және жүгіру қорытындысы бойынша 11-ші орында.
Бүгін Жакарта татамиіне шыққан дзюдошыларымыз аса қуантпады. Бес спортшының біреуі ғана қола жүлдегер атанды. 78 келіден жоғары салмақта сынға түскен Гүлжан Исанова үздіктер қатарында.
Регбиден Қазақстан әйелдер командасының аяқ алысы жаман емес. Топтық кезеңде Индонезияны жеңген біздің спортшылар ширек финалда Сингапурді жеңді. Енді Қытаймен кездесіп, кім мықтыны анықтайды.
Қазіргі бессайыста бақ сынаған Елена Потапенко жетінші, Ардақ Ахидуллаева тоғызыншы орында.
Велотрекшілер бүгін жүлдесіз қалды. Кейринде Павел Воржев 11-ші, Сергей Пономарев 12-ші орыннан көрінді. Ал мэдисон бағдарламасы бойынша Сұлтанмұрат Миралиев пен Асылхан Тұрар төрттікке енді.
Баскетболдан (5х5) Қазақстан әйелдер командасы Азия ойындарын бесінші орынмен аяқтады. Олар бесінші орын үшін өткен матчта таиландықтарды жеңген болатын.
Бүгін боксшылар финал жолдамасын сарапқа салды. Әбілхан Аманқұл (75 келі) мен Асланбек Шымбергенов (69 келі) ақтық сында Азиада алтынына таласады. Әбілханның жартылай финалдағы қарсыласы жарақатына байланысты шаршы алаңға шыққан жоқ. Ал Асланбек Шымбергенов иорданиялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Қазақстандық самбошылар бүгін үш медаль жеңіп алды. Бейімбет Қанжанов пен Айжан Жылқыбаева қолаға қол созса, Бағлан Ибрагим Азия ойындарының чемпионы атанды.
31 тамыздағы көрсеткіш бойынша Қазақстан қоржынында 64 медаль бар. 12 алтын, 11 күміс және 41 қола жүлде. Жалпы командалық есепте біз 11-ші орыннан 9-шы орынға көтерілдік.