Азиада-2018: Жүзуден Қазақстан командасы эстафеталық жарыстан қола медаль жеңіп алды
АСТАНА. қазАқпарат - Бүгін Индонезияда өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында суға жүзуден Қазақстан командасы эстафеталық сында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 400 метрге кешенді түрде жарысудан Қазақстан намысын Дмитрий Баландин, Әділ Қасқабай, Әділбек Мусин мен Александр Варакин қорғаған болатын.
Қазақстандық команда 3:35.62 уақыт көрсеткішімен үздік үштікке енді. Бірінші орынды Қытай, екінші орынды Жапония спортшылары иеленді.
Қазақстан жүзу спортынан эстафеталық сында соңғы рет Гуанджоудағы (2010) ойындарда жүлдеге іліккен болатын.