Азиада-2025: Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Кореяға есе жіберді
ХАРБИН.KAZINFORM – Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында үшінші матчын өткізді.

Қазақстан құрамасы сапында Абылайхан Жүзбай, Айдос Аллияр, Әділ Жұмағожа және Ермек Мұсаинов өнер көрсетті.
Бастапқы төрт кезеңде біздің жігіттер Азия құрлығының үздіктеріне жақсы қарсылық корсетіп, 2:2 есебімен тең ойнады.
Алайда, кореялықтар соңғы кезеңдерде Қазақстан құрамасына мүмкіндік бермей, жеңіске жетті. Қорытынды есеп 12:2.
Айта кетейік, керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы қысқы Азия ойындарының алғашқы ойынында Қытайлық Тайбэйді 10:5 есебімен жеңді. Екінші матчта отандастарымыз 1:4 есебімен Филиппинен жеңіліп қалды.
Енді ерлер құрамасы қырғызстандықтармен шеберлік байқасады.
Керлингтен Қазақстан құрамасының капитаны Абылайхан Жүзбай және спортшы Ермек Мұсаинов осыған дейін Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат берді.