Азиада Алау эстафетасының 80 алаугері сертификатқа ие болды

АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Мәдени Азиада» аясында Алматыда 9 шара өтеді, оған қысқы Азия ойындарының жабылуы да кіреді, сіздерді осындай мәдени шараларға атсалысуларыңызды сұраймын. Бұл жайында бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов Азиада Алау эстафетасында алаугер атанғандарға сертификат тапсыру кезінде айтты.

Азиада Алау эстафетасының 80 алаугері  сертификатқа ие болды

С.Сейдумановтың айтуынша, 28 қаңтардан бастап 6 ақпан аралығындағы «Мәдени Азиада» шаралары барысында «Астана» алаңында және «Қар барысы саябағында» түрлі концерттер мен mapping-шоу өтеді. «Ал Азиада ойындарының жабылуы 6 ақпан күні сағат 17:00-де Б.Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді, сол уақытта халықаралық тұғырдан шаңғымен секіру спорт кешенінде барлық еріктілерді жинап алғысымызды білдіріп, отшашу ұйымдастырамыз», - дейді ол.

Сонымен қатар ол өткелі отырған жарыстың екі ерекшелігі бар екендігін айтып өтті. "Біріншіден, биылғы қысқы Азия ойындарында тұңғыш рет Алау эстафетасы өтсе, екіншіден жарыс еліміздің екі ірі қаласында өтпек", - деп атап өтті өз сөзінде ол.

С.Сейдуманов, қала сырттан келетін қонақтарды қарсы алып, оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге әзір екендігін жеткізді. "Қаладағы 18 қонақүй, теміржол вокзалы, әуежай және тағы басқа қызмет орындары қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кеше ғана ақпарат тарататын халықаралық баспасөз орталығы ашылды. Онда БАҚ өкілдеріне ақпарат берудің барлық жағдайы жасалған.", - дейді С.Сейдуманов.

Сондай-ақ ол Алматы бойынша өткен эстафетедағы алаугерлердің 30-ы Астанадағы 7-Қысқы Азия ойындарының ашылуына жолдама алатындығын жеткізді.