Азиада алауы морждармен бірге Астанадағы Есіл өзеніне түсті
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 7-Қысқы Азия ойындарының алауы Астанадағы кезеңі барысында морждармен бірге Есіл өзеніне түсті.
Бүгін сағат 15.30-да Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңнан Азия алауы эстафетасының екінші кезеңі басталды. Эстафетаның екінші бағыты өзіндік ерекшеліктерге толы болды. Алауды бірінші болып әкімдік ғимараты алдындағы мұз айдынымен шайбалы хоккей бойынша ҚР спорт шебері Талғат Жайлауов алып өтті. Одан кейін алау құтысын мотоциклмен байкер Дмитрий Петрухин, конькимен Есіл өзенінің үстімен конькимен жүгіру спорты бойынша ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Радик Бикшентаев алып жүрді.
Ал, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі судан құтқару қызметінің құтқарушысы, морждар клубының өкілі Сейілбек Нәкіпов Азияда отын өз шәкірттерімен бірге Есіл өзеніне түсірді. Морждар 20 градустық аязда алаумен бірге 10 метр жүзіп өтті.
Эстафета «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында аяқталды. Осы орталықта эстрадалық жұлдыздар мен шығармашылық топтардың қатысуымен үлкен гала-концерт өтті.
Айта кетейік, бірер сәттерден кейін «Астана-Арена» стадионында VІІ-ші Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы басталады. Салтанатты рәсімнің аяқталуына қарай алау «Хан Шатырдан» «Астана-Арена» стадионына жеткізіледі. Басты алау тұтатылғаннан кейін Қазақстандағы Азия ойындары ресми түрде басталады.
Айта кетейік, бас алауды тұтату құрметі кімге берілгендігі осы уақытқа дейін әлі құпия ұсталынуда.