Азиада алауы Оралға келді

ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 17 қаңтар күні кешкісін Азиада алауы арнайы ұшақпен Орал қаласына жеткізілді.

Азиада алауы Оралға келді

Атыраудан әкелінген алауды жетінші болып қарсылау бақыты бұйырған шаһардың бүкіл спортсүйер қауымы осы күні әуежайдан табылды. Жеті - қазақта қасиетті сан, сондықтан Астана мен Алматыда өтетін Азиадада батысқазақстандықтардың айы оңынан туатын шығар деп жорамалдап жатты жиылғандар.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы Орал әуежайына келіп қонғаннан кейін Азиада шырағы салынған құты қырағы күзетшілердің қадағалауымен әуежайдың екінші қабатында журналистер мен жанкүйерлердің назарына ұсынылды. Осы жерде журналистерге брифинг өткізілді. Брифингке Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек, облыс әкімінің орынбасары Тимур Шәкімов, қала әкімі Самиғолла Оразов, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов, демеушілер - «Митсубиши моторс» компаниясының өкілі Сергей Коваленко, «Қазақстан халық банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Виталий Гридиндер қатысты.

Салтанатты шарада алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Тимур Шәкімов Алау эстафетасын ұйымдастырып, өткізудің маңызына ерекше тоқталды. «Еуропа мен Азияның кіндігінде орын тепкен Орал шаһарына қош келдіңіздер! Эль Кувейтте жанған қасиетті Алау, міне, бізге де жетіп отыр. Астана мен Алматыдағы кезекті қысқы Азия ойындарының ашылуына да санаулы күндер қалды. Бұл тек спорттық емес, сонымен қатар Елбасының халықаралық аренадағы айрықша беделін анық көрсететін бастама болды. Осы үлкен жарыста жерлестеріміздің де айбыны асқақ болады деп сенемін», - деді Тимур Әдиетұлы.

Келесі кезекте журналистер сауалдарына жауап берген Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек те Азиаданың Қазақстанда өтуіне Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз екендігін қадап айтты.

-Қазақстанда бұрын-соңды мұндай маңызды әрі мәртебелі спорттық шара болған емес. Азиада ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр. Алау эстафетасы да ойындар тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Олай болса, мүмкіндікті пайдаланып, осынау жаһандық жарысты өткізуге күш-жігерін аямаған Елбасымыздың еселі еңбегін атап өткеніміз жөн. Эстафета барлық қалада тамаша өтуде, ешқандай оқыс оқиғалар болған жоқ. Болмайды деп сенеміз. Бүгін таңда Астана мен Алматыдағы барлық спорттық нысандар Азиадаға жүз пайыз дайын, - деді Сәрсен Құранбек.

Алау эстафетасы бүгін қала көшелерінде жалғасып, кешкісін Азиада шырағы арнайы ұшақпен Ақтөбеге сапар шекпек.