Азиада алауы Павлодарға жеткізілді

Алау эстафетасы дирекциясының үйлестіру орталығының жетекшісі Сәрсен Құранбек пен Азиада алауын алып жүрген делегация мүшелері Павлодар аэровокзалында журналистердің сауалдарына жауап берді. Павлодар әкімі Бақытжан Жоламанов жиналған қауымға облыс орталығындағы спорттың даму үрдісі туралы әңгімелеп берді. Өткен жылы Павлодарда 12 спорт нысаны - бокс және үлкен теннис орталықтары, мини-футбол, теннис, волейбол, баскетбол алаңдары бар спорттық кешендер салынған. Шаңғы трассалары бар «Жасыл орман» базасы да дамып келеді.
Азиада алауы «Қазақстанның Халық банкі» акционерлік қоғамының Павлодар облыстық филиалына сақтауға қойылды. Бүгін түсте облыс орталығында Азиада алауынан шырақ жағылады. Облыстың үздік 60 өкілі, олардың қатарында спортшылар мен қоғам қайраткерлері бар, Алау эстафетасын Павлодардың негізгі көшелерімен алып өтеді.