Азиада алауын асқақ сезіммен алып жүрдім - алаугер Жандос Байділда
АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Елімнің биік беделінің белгісіне айналған Азиаданың алауын асқақ сезіммен алып жүрдім.
Бүгін Алматыда өткен Ақ Азиада алауы эстафетасына қатысып, алау құтысын алып жүрген «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Жандос Байділда ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
36 нөмірлі алаугер болған Ж. Байділда өз қуанышымен бөлісті. «Эстафета барысында Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Ольга Шишигина және тағы басқа қоғамға танымал адамдармен бірге болдым. Мен алау құтысын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғани Қасымовтан кейін ардагер спорт журналисі Диас Омаровтан қабылдап, Сәтбаев көшесінің бойымен 150 метр алып жүрдім. Алау құтысы қолыма тигенде елімнің биік беделіне куә болғандай бойымды асқақ сезім биледі», - дейді ол.
Алматыдағы халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде басталған алау эстафетасы әл-Фараби даңғылы бойымен Фурманов, Сәтбаев, Байтұрсынов көшелерінде жалғасты. Одан соң, Абай даңғылы арқылы Достық, Шевченко, Қонаев, Қабанбай батыр, Абылайхан даңғылдарын басып өтіп, «Астана» алаңында аяқталды.
«Тарих сахнасында өзіндік орын алар әлемдік шараның өтуіне осылай атсалысып жатқаныма өте қуаныштымын. Енді аз уақытта Ақ Азиада ойындары да басталғалы тұр. Әлем көз тігер құрлықтың айтулы додасында ел спортшыларының биік тұғырдан көрінулерін тілеймін», - дейді Жандос Байділда.