Азиада Алауының тұғыры арнайы мұражайда сақталуы мүмкін
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 7-Қысқы Азия ойындары Алауының тұғыры Азиада өткеннен кейін арнайы мұражайда сақталуы мүмкін. Бұл туралы Азиаданың Алау эстафетасы дирекциясы жетекшісінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
Оның хабарлауынша, Азияның Олимпиада кеңесі орналасқан Әл-Кувейт қаласынан келген Алаудың Қазақстандағы эстафетаның жалпы қашықтығы 8 мыңға жуық шақырымды құрады. «Ал 7-Қысқы Азия ойындары өткеннен кейін Азиада алауының тұғыры арнайы мұражайда сақталуы мүмкін. Ол мәселе қазір талқылануда. Оны біз ақпанның 7-сі күні жария ететін боламыз», - дейді С.Құранбек.
Алау эстафетасы дерекциясы жетекшісінің орынбасары атап көрсеткендей, Алау эстафетасының негізгі мақсаты - Азия ойындарының идеясын барлық қазақстандықтарға жеткізу және осы ауқымды жобаға барлық азаматтарды тарту. «Ал, ең бастысы, эстафета арқылы біз Қазақстан халқын бірлік-ынтымаққа шақырып, салауатты өмір салтына үндеуге тырыстық. Бұл ойымыз іске асты деп білеміз», - деп атап көрсетті С.Құранбек.