Азиада әнұранына лайықты делінген 10 ән белгілі болды

АЛМАТЫ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда VII қысқы Азия ойындарының әнұранына жарияланған байқау нәтижелері белгілі болды. Іріктеу барысында үздік деп танылған 10 әннің ішінен Азиада әнұраны анықталатын болады.

Азиада әнұранына лайықты делінген 10 ән белгілі болды

Байқауды өткізуге Астана мен Алматы қалалары әкімдіктері, GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторы, «Қазақстан» РТРК мен «Мирас спорт» қоғамдық қоры қолдау көрсетті.

Бірінші кезеңде байқауды ұйымдастыру комитетіне 105 ән келіп түскен. Олардың ішінде 49-ының мәтіні қазақ, 45-і орыс және 11-і қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған. Байқауға қатысушылардың ішіндегі ең жасы үлкені - 72 жастағы зейнеткер, ал ең кішісі 17 жасар Шымкент қаласының оқушысы болды.

«Байқауға ұсынылған жұмыстар тек Қазақстаннан ғана емес, Австриядан да келді. Әр жұмысты алқа мүшелері жеке-жеке қарады. Бір қорытындыға келу үшін бірнеше рет жиналып, талқыладық. Әнұранның сапасы мен мәнділігіне байланысты айтыс-тартыстар көп болды. Сондықтан қорытынды жасау уақытын созуға тура келді», - деді «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ маркетинг, ақпараттық және имидждік қолдау департаментінің директоры Нұрлан Нұрғазин.

Қазылар алқасы конкурстың 10 үздік жұмысын екінші кезеңге өткізді. Олардың қатарына ҚР халық әртісіЕ. Хасанғалиевтің «Азиада алауы», ҚР еңбек сіңірген әртісі К. Дүйсекеевтің «Азиада Қазақстан», Н. Теңізбаевтың «Қазақстан», Б. Құсайыновтың «Ел намысы», «Мистиерионс» тобының «Азиада», М. Жәутіковтің «Спорт», Е. Әлекеевтің «Алға, Қазақстан», Д. Сыздықовтың «Азиада алауы», И. Бреусовтың «Азиада» және Е. Шәкеевтің «Азиада» әндері кіріп отыр. Бұл үздік жұмыстар ішінен нағыз әнұранға лайық әнді халық Kcell компаниясы ұсынған 1212 нөміріне «sms» дауыс беру арқылы таңдайтын болады. Ал таңдауға ұсынылатын әндер «NS», «Қазақ радиосы» және «Сәлем» радиоларының эфирінен ертеңнен бастап беріле бастайды. Дауыс беру қорытындысы 1-ші желтоқсан күні белгілі болады.