«Азиада аруы» байқауының финалына 20 ару өтті

АЛМАТЫ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ақ Азиаданың елімізде өтуі- халықаралық қоғамдастықтың үлкен сенімі. Біз бәріміз Қазақстан өміріндегі бірегей оқиғаның куәгерлері болып табыламыз.

«Азиада аруы» байқауының  финалына 20 ару өтті

Шараны ұйымдастырып отырған біздер үшін бұл оқиға үлкен мақтаныш, деді кеше Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Азиада аруы» байқауының Бас директоры Константин Коротков.

Қала әкімдігінің мәдениет бөлімінің басшысы Раушан Қасымованың айтуынша, айтулы оқиғаның көркін «Мәдени Азиада» жобасы аша түспек. «Жоба аясында қазақтың мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертетін көптеген шаралар өтетін болады. Алматының ең үздік сахналарында әр түрлі концерттер болады. Жабылу салтанатына арналған гала-концертте еліміздің өнер жұлдыздарымен қатар, шетелдегі отандас өнер шеберлері қатысады»,-деді ол.

Байқауға «Chopard» компаниясы қолдау көрсетеді. Аталмыш компанияның өкілі Светлана Риммер: «Мен демеушілік жасаған компанияның Швейцариядағы штаб-пәтеріне бару кезінде еліміз үшін үлкен мақтаныш сезімде болдым, компания басшылары айтулы оқиғаның демеушісі болғандығын мақтан тұтты. Мен өз атымнан және Еуропадағы ең үлкен компания басшыларының атынан ауқымды спорт мерекесіне қатысуға мүмкіндік бергендеріне, сонымен қатар қолдауымызбен үлес қосатындығымызға, бұл брендке сенім артқандарына алғысымызды білдіргіміз келеді»,-деді.

Баспасөз мәслихатында «Азиада аруы» байқауының тәжін қазақстандық дизайнер Айгүл Қасымова жасағандығы айтылды. Байқаудың бас дизайнері Александр Чжен қатысушы қыздар ежелгі түрік пен бүгінгі заман қыздарының бейнесінде болатындығын атап өтті. Оның айтуынша, байқау үш дефиледен тұрады. «Қыздар спорттық киімдер мен кешкі көйлектер, әр түрлі жағалы тондар киіп шығатын болады»,-деді Александр Чжен.

Байқаудың Бас директоры Константин Коротковтың айтуынша, байқауға 150-ден аса қыздар өтініш білдірген. «Іріктелген 60 қыздың 20-сы финалға өтті. Олар енді ақтық сында бақтарын сынайтын болады. Қазір олар кәсіби мамандардың дәрістерін алуда. Айта кететінім, қыздардың барлығы спортқа қатысы бар бойжеткендер», -деді ол. Оның айтуынша, әділ қазылар алқасының құрамында олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Илья Ильин, әншілер Нұрлан Абдуллин, Парвиз Назаров, сонымен қатар, еліміздің басқа да мәдениет қайраткерлері бар.