Азиада чемпионы Көкшетаудағы ЖОО-да тегін білім алатын болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Индонезияда өткен жазғы 18-ші Азия ойындарында семсерлесуден алтын және күміс медаль алған Дмитрий Алексанинді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ұжымы қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде университет басшысы Сағынтай Елубаев спортшы ұжым атынан жеңісімен құттықтай келе, тегін білім алу грантын салтанатты түрде тапсырды.

Қазіргі кезде, Дмитрий Алексанин аталмыш жоғары білім ордасында «Дене шынықтыру және спорт» факультетінің 3 курсында оқиды.

«Дмитрий тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл семсерлесуден ұлттық құраманың қоржынындағы тұңғыш алтын медаль. Оның жеңісі бүкіл еліміздің, оның ішінде біздің университеттің жеңісі. Алдағы жарыстарда да жеңіске жетуіне тілектестігімді білдіремін», деп атап өтті С.Елубаев.

Өз кезегінде Дмитрий де байрақты жарыста өзіне жанкүйерлік танытқан жерлестеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ, Қазақстанның көк туының астында жарысқа қатысу үлкен мәртебе екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар
telegram