АЗИАДА: Допты хоккейден Қазақстан құрамасы Моңғолияны 17:0 есебімен ойсырата ұтты
Жерлестеріміз кеше "Медеу" мұз айдынында өткен бірінші ойынында Қырғызстанды 21:0 есебімен тас-талқын қылып жеңген болатын. Енді міне оларға моңғолиялық бендишілер де еш қауқар көрсете алмады. Жерлестеріміз қарсыластарының қақпасына бірінші кезеңде 9, екінші кезеңде 8 доп соқты. Біздің команданың ойыншысы Рауан Есалиевтің бір өзі осы ойында 10 голды қақпаға тоғытты.
2 ақпан күні болған кездесуде Моңғолия құрамасы Қырғызстан бендишілерінен 17:2 есебімен басым түскен болатын.
Айта кетейік, Қазақстан 7-Қысқы Азия ойындарын өткізетін ел ретінде допты хоккей спортын Азиаданың бағдарламасына енгізген болатын. Жарысқа үш команда - Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан қатысуда. Жарыс ережесіне сәйкес, екі ойын қорытындысы бойынша үздік шыққан Қазақстан мен
Моңғолия 6 ақпанда алтын жүлде үшін ойнайтын болады. Ал Қазақстаннан да, Моңғолиядан да ойсырай ұтылған Қырғызстан құрамасы допты хоккейден Азиаданың қола жүлдегері атанады.
ҚР Допты хоккей федерациясының Бас хатшысы Владимир Савченконың айтуынша, допты хоккей Халықаралық Олимпиада ойындары комитетінің лицензиясын алғанымен, Қысқы Олимпиада ойныдарының бағдарламасына әлі енген жоқ. Ал оның Азиаданың бағдарламасына енгізілгені 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілуіне жасалған алғашқы қадам болып табылады.