Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Азиада: Дзюдодан Елдос Сметов, Отгонцэцэг Галбадрах бақ сынайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дзюдодан Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның дзюдо федерациясына сілтеме жасап.

Азиада: Дзюдодан Елдос Сметов, Отгонцэцэг Галбадрах бақ сынайды

18 тамыз бен 2 қыркүйек күндері Индонезияда Азия ойындары өтеді. XVIII жазғы Азия ойындарында 42 спорт түрінен 476 медаль сарапқа салынады. Ал дзюдо бойынша сайыстар 29 тамыз бен 1 қыркүйек күндеріне белгіленген. Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасы жылдың басты додасына қатысу үшін 25 тамызда Индонезияға аттанады.

«Қазіргі таңда Ақмола облысы, Щучинск қаласында орналасқан «Жақсы» спорт базасында Азия ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиынының екінші кезеңін өткізіп жатыр. Жаттығу жиынында Азия ойындарына қатысатын барлық дзюдошылар бар. Біз оларды 2018 жылдың басынан бастап өткен Гран При, Grand Slam сынды ірі жарыстардағы көрсеткіштеріне қарай іріктеп алдық. Ұлттық құрамадағы спортшылардың тыңғылықты дайындықтарына қарап, Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдені жоспарлап отырмыз», - дейді дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Айдын Смағұлов.

Азиадада бақ сынайтындар қатарында Қазақстан ұлттық құрама командасына ерлерден Елдос Сметов (-60 кг), Елдос Жұмақанов (-66 кг), Жансай Смағұлов (-73 кг), Дидар Хамза (-81 кг), Ислам Бозбаев (-90 кг), Виктор Демьяненко (-100 кг), Санжар Жабборов (+100 кг), Ерасыл Қажыбаев (mix), әйелдерден Отгонцэцэг Галбадрах (-48 кг), Кәмшат Қарасайқызы(-52 кг), Севара Нишанбаева (-57 кг), Иоланта Бердибекова (-63 кг), Зере Бектасқызы (-70 кг), Зарина Райфова (-78 кг), Гүлжан Исанова (+78 кг) алынды.