Азиада: Дзюдодан Қазақстанның әйелдер құрамасы 3 жүлде алуды жоспарлап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Джакартада өтетін XVIII Азия ойындарында дзюдодан Қазақстан әйелдер ұлттық құрама командасы 3 жүлде алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан әйелдер ұлттық құрама командасының бас бапкері Марат Данайбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда дзюдодан әйелдер құрамасы Азия ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарына дайындалуда. Әдеттегідей, Азия ойындарына қатысушылар 2018 жылдағы ресми жарыстардағы көрсеткіштеріне қарай жасақталды. 7 салмақ бойынша татамиде күресетін қыздар құрамасына 1 алтын және 2 қола жүлдені жоспарлап отырмыз», - деді Марат Данайбаев.
Айта кетейік, Джакартада Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек арасында өтеді. Ал татами шеберлері 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өзара мықтыны анықтайды. Дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрама командасы 25 тамызда Астана қаласынан Джкартаға Азия ойындарына аттанады.