Азиада ел имиджін ілгерілетуге, спортты дамытудың келешегі мен өскелең ұрпақтың болашағына баға жетпес үлес қосты - Т. Досмұхамбетов
АНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астана мен Алматы қалаларында өткен Азиада ел имиджін ілгерілетуге, спортты дамытудың келешегі мен өскелең ұрпақтың болашағына баға жетпес үлес қосты.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлім етті.
«Азия Олимпиадалық кеңесі Бас ассамблеясының шешімімен Қазақстан Азия ойындарын өткізу құқығы сеніп тапсырылған Азиядағы төртінші ел атанғаны белгілі. Және осының арқасында біз әлемдік қауымдастыққа қысқы спорт түрлеріндегі өз жетістіктерімізді көрсетудің керемет мүмкіндіктерін жүзеге асырдық. Ел Президентінің үнемі назарда ұстауының арқасында Азиада ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға дайындық барысындағы 5 жыл ішінде 7 бірдей жаңа нысан құрылысы салынды. 4 спорт ғимаратына әлемдік деңгейдегі қайта жаңарту жүргізілді. Аталған спорттық ғимараттар жақын арада ірі халықаралық жарыстарды, әлем кубоктарының кезеңдерін өткізу және Азия спортшыларын Сочи қаласындағы Олимпиада ойындарына дайындау орнына айналатын болады. Жалпы алғанда Азиаданың өтуі Қазақстан спортының шарықтау шегіне айналып, Ұлт көшбасшысының басшылығындағы мемлекетіміздің тұрақты экономикалық дамуының куәсі болды. Азиада Қазақстан халқының ынтымағы мен достығын нығайтты, барлық қазақстандықтардың елдің басты спорттық оқиғасына орай рухын біріктірді», - деді Т. Досмұхамбетов.
Оның айтуынша, Азиада нысандарының дайындалуына және ойынның ұйымдастырылуына Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Роге мен Азия Олимпиадалық Кеңесінің президенті Шейх Ахмад Әл Фахад Әл Сабах жоғары баға берген. «Құрлықтың ең таңдаулы әрі кіл мықты спортшыларымен қиын да ымырасыз бәсекеге түсіп, жалпы командалық бірінші орынды алған және 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль иеленіп, Азия рекордын жаңартқан спортшыларға шын ризашылығымды тағы да білдіргім келеді», - деді министр.