Азиада эстафетасының алауын Астана көшелерімен А.Винокуров, Анкара мэрі Гокчек, министрлер кабинетінің мүшелері, депутаттар, елшілер мен журналистер алып жүреді
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Атақты велошабандоз Александр Винокуров, Анкара мэрі Мелих Гокчек, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов, елорда әкімі Иманғали Тасмағабетов Астана көшелерімен Азиада алауын алып жүреді.
Олардан басқа бұл құрметке депутаттар, елшілер, спортшылар, әртістер, медиктер, өрт сөндірушілер мен журналистер ие болды.
«Алау эстафетасының Астана кезеңіне қатысатын алаугерлердің саны 100 адам, олардың 93-і - елімізге танымал адамдар», - делінген әкімнің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алау 29 қаңтар күні сағат 17.00-де Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайына жеткізіледі. Ал келесі күні, 30 қаңтарда Эстафета сағат 12.00-де «Қазақ елі» кешенінен басталып, Азиялық ойындардың ашылу салтанаты кезінде - «Астана-Арена» стадионында мәреге жетеді.
«Астана эстафетасының бағыты екі кезеңге бөлініп отыр. Алаугерлер жүріп өтетін жол - 15,4 шақырымды құрайды. Эстафетаның жалпы уақыты 3 сағатқа созылады. Астана эстафетасына барлығы 100 алаугер қатысады», - делінген хабарламада.