Азиада қарсаңында Оралдағы орта мектепте спорт залы ашылды
ОРАЛ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 7-Қысқы Азия ойындары қарсаңында Орал қаласындағы №43 орта мектебінде спорт залы ашылды.
Отау тіккеніне он жыл толған қазақ мектебінде бұған дейін спорт залы болмағанмен, шәкірттері талай жарыста озып шыққан екен. Оныншы сыныпта оқитын, бокстан кадеттер арасында 2009 жылғы ел біріншілігінің қола жүлдегері Айбек Төлегеновтің сөзіне қарағанда, ол бапкері Саттар Сұлтанғалиевтің жетекшілігімен жеті жылдан бері боксқа бейімделген орында айналысып келген. Айбек бүгінде белгілі спортшыларға айналған Берік Шынаров, бокстан өткен жылғы Азия ойындарының чемпионы Данияр Елеусіновпен бірге жаттыққанын мақтан етеді. Өзі секілді құрдастары Таһир Мұстафин, Әскербек Өтепбергенов, Тельман Бегалиевтер де қазіргі таңда кадеттер арасында республикалық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерді.
Енді оқушылардың спортпен жаппай айналысуына мүмкіндік туып отыр. Аталмыш спорт залы құрылысына қалалық бюджеттен 47 млн. теңге бөлініп, «Оралқұрылысинвест» ЖШС үш айдың ішінде мектепке жапсарлас ғимаратты салып шықты. Оның бөлек есігі, қосымша бөлмелері де бар.