Азиада қарсаңында республикалық маңызы бар жолдарда көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету шаралары атқарылып жатыр - «Қазақавтожол» РМК
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Азиадаға қатысушылар мен қонақтардың республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету шаралары атқарылып жатыр. Бұл жайында бүгін «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгінде «Қазақавтожол» РМК тарапынан қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарының республикалық маңызы бар автожолдарда тоқтаусыз әрі қауіпсіз көлік қозғалысының қамын іске асыру жұмыстары атқарылып жатыр. Кәсіпорын қысқы маусым аралығында қарды тазалау мен қарға қарсы ықтырма қоршауларын жасап, көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалану, сондай-ақ жолдардың бойында жылу бекеттерін дайындау секілді жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізді», - делінген таратылған мәліметтерде.
Осы орайда облыс филиалдарындағы арнайы техникалар толық жасақталып, жолдардағы ахуалды бақылау үшін үздіксіз кезекшілік қамтамасыз етілді.
Қысқы Азия ойындары кезінде республикалық маңызы бар автожолдардың облыстар бойынша орналасқан жоспарлы бағыттары айқындалды. Атап айтқанда Алматы облысы бойынша «Алматы-Қорғас» жолының 9-35 шақырымы, «Алматы-Талғар-Евгеньевка» автожолының 8-25 шақырымы және «Алматау турбазасының кіреберісі» 0-15 шақырымы, Ақмола облысында «Астана қаласы айналма жолының» 0-53 шақырымы, «Астана-Щучинскінің» 17-241 шақырымы, сондай-ақ «Ресей шекарасы (Екатеринбор бағытында)-Алматы қаласы» 1278-2214 шақырымдарындағы жолдарда көліктердің қозғалысын тоқтаусыз қамтамсыз ету жұмыстары іске асырылып жатыр. Мұнымен қоса, өзге де өңірлердегі республикалық жолдарда осындай шаралар атқарылуда. Осы орайда «Қазақавтожол» РМК-ның Алматы облыстық филиалынан 24 бірлік техника, Ақмола облыстық филиалынан 63, Қарағанды облыстық филиалынан 40, сонымен қатар Жамбыл облыстық филиалынан 12 бірлік, ал «Қазақавтожол-Көкшетау» еншілес мемлекеттік кәсіпорнынан 26 арнайы техника жұмылдырылмақ.