Азиада қарсаңынды Астанадағы этномәдени орталықтардың қатысуымен «Алға, Қазақстан!» атты концерт өтіп жатыр
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Елордадағы «Жастар» сарайында Азиадаға қатысатын Қазақстан құрамасын қолдау мақсатында Астанадағы этномәдени орталықтардың қатысуымен «Алға, Қазақстан!» атты концерт өтіп жатыр.
Атап айтқанда, қысқы Азия ойындарын насихаттау бастамасымен бұл акцияны Өзбек этномәдени орталығы, 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы, Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізілуде. Бұл концертке қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының өкілдері қатысуда. Би ансамбльдері мен музыкалық аспаптар және хор ұжымдары, әншілер топтары да өнер көрсетеді.«Алға, Қазақстан!» концертінің қатысушылары «Азиаданы өткізу - әрбір қазақстандық үшін үлкен құрмет» деп санайды және олар өз таланттарымен Азиадаға қатысатын спортшыларға қолдау көрсетіп, осындай орасан зор шараға өз үлестерін қосуға қуанышты.
«7-қысқы Азия ойындарын өткізу еліміз үшін және барлық Қазақстан халқы үшін қаншалықты мәнді әрі маңызды екендігін түсінеміз. Этномәдени бірлестіктердің ұжымдары қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама - біздің спортшыларымызға жеңіс, әрі жаңа рекордтар жолында қолдау болады деген үміттеміз», - дейді шараның ұйымдастырушылары.