АЗИАДА: Қазақстанда жинақталған тәжірибені өз елімізде дамытатын боламыз – Шайбалы хоккейден Тайпей құрамасының жаттықтырушысы
Кеше, 3 ақпанда шайбалы хоккейден топ дивизионда өнер көрсететін Қазақстан мен Қытайлық Тайпей құрамаларының кездесуінен кейін өткен баспасөз мәслихатында Қытайлық Тайпей құрамасының бас жаттықтырушысы Цай Минг Цанг осындай пікір білдірді.
Айта кетейік, ол ойында 35:0 есебімен біздің команда жеңіске жеткен болатын. Сонымен қатар Қытайлық Тайпей оның алдындағы кездесулерінде Жапониядан 0:18, ал Оңтүстік Кореядан 0:22 есебімен ұтылған болатын.
Баспасөз мәслихатында Цай Минг Цанг Қытайлық Тайпей құрамасының топ дивизионда ойнауын Тайвань елінің Олимпиада комитеті талап еткенін айта келе: «Бастапқыда біз премьер-дивизионда ойнауды
жөн көрген едік. Бірақ Тайванның Олимпиада комитеті 7-Қысқы Азия ойындарында шайбалы хоккейден жоғары дивизионда өнер көрсетуді ұйғарды. Біз бұл шешім үшін өкінбейміз. Себебі біздің хоккейшілер 7-Қысқы Азия ойындары барысында мол тәжірибе жинақтады. Біз бұл тәжірибені әрі қарай дамытатын боламыз. Біздің негізгі ойымыз - елімізде шайбалы хоккейді дамыту. Қазақстандағы Азиада ол үшін қажетті мүмкіндікті туғызып отыр. Әрине, ең алдымен, біз осындай ойынды өткізуге мүмкіндік берген Қазақстанға алғысымызды айтамыз», - деді.