АЗИАДА: Қазақстандық биатлоншы Е. Хрусталева Азиада чемпионы, еншімізде 20 алтын медаль бар
Алматы облысындағы Солдат шатқалындағы Шаңғы-биатлон стадионында өткен жарыс барысында Елена Хрусталева нысананы екі мәрте дәл көздей алмады. Бірінші атыс алаңында және екінші атыс алаңында атқан оқтары бір-бір реттен зая кетті. Алайда соған қарамастан, үшінші атыс алаңынан кейін жапониялық биатлоншы Судзуки Фуюконы (Suzuki Fuyuko) 6,7 секундқа ұтып, аралық көшбасшы атанды. Өзінің негізгі қарсыластары нысананы бір-бір мәрте дұрыс көздей алмағандықтан, Елена Хрусталева төртінші атыс алаңынан кейін олардан бір минуттан астам уақытқа озып кетті. Осылайша ол мәреге бірінші болып келіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Оның уақыт көрсеткіші - 53 минут 16,8 секунд.Күміс медальді жапониялық Судзуки Фуюко иеленді. Ол чемпионнан 1 минут 14,9 секундқа қалып қойды. Қола жүлдені тағы бір қазақстандық Марина Лебедева жеңіп алды. Ол жапондық спортшыдан 4,6 секундқа қалып қойды. Жерлесіміз жарыс барысында нысанаға үш рет дәл тигізе алмады.
Айта кетейік, бұл Елена Хрусталева мен Марина Лебедованың 7-Қысқы Азия ойындарындағы екінші жүлделері. 31 қаңтар күні өткен 7,5 шақырымдықтық жарыста Елена Хрусталева күміс жүлдегер атанса, Марина Лебедова қола медальді қанжығасына байлаған болатын. Ол сында алтын медальді қытайлық биатлоншы Ван Чуньли жеңіп алды.
Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Елена Хрусталевадан қазақстандық жанкүйерлер бұл Ақ Азиада тек алтын жүлделер күткен болатын. 7,5 шақырымдықтық бірінші жарыста ол күміс жүлде алып қалғанда, үміт пен күдік арпалысқандай болып еді. Сол күнгі жарыстан кейін болған баспасөз мәслихатында
ҚР Биатлон құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Ткачук осы жүлдеге қатысты ойын былай білдірген болатын: «Бүгінгі жарыстағы қытайлық спортшының жеңісі кездейсоқ емес. Ол оған әбден лайық. Елена Хрусталева 15 шақырымда мықты. Ол осы қашықтықта Ванкувер Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Сондықтан оның алтын медалі әлі алда». Айтса айтқандай-ақ, бас жаттықтырушының сөзі айна қатесіз келді.