Азиада қонақтары үшін Астанада мәдени, спорттық және әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар әзірленуде

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Азиада қонақтары үшін Астанада мәдени, спорттық және әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар әзірленуде.

Азиада қонақтары үшін Астанада мәдени, спорттық және әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар әзірленуде

Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» агенттігіне елорданың Туризм және спорт басқармасынан мәлім етті.

Басқармадан хабарлағандай, қалалық ұйымдастыру комитеті қонақтар үшін «Мәдени Азиада» бағдарламасын әзірледі. Олардың бірқатары бүгінде жүзеге асырылды. Мәселен, «Менің Азиадам» атты балалар арасында сурет және эсселер байқауы өткізіліп, жеңімпаздардың туындылары «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығында орналастырылды. Осы орталықта сондай-ақ спорттық тауарлар мен кәдейсылар сатылатын дүңгіршек ашылды.

Алдағы күндері «Думан» ойын-сауық кешенінің алдындағы алаңда бой көтеріп жатқан Олимпиадалық мұз саябағының құрылысы аяқталады. Ал Ойындар өткізілетін күндері: «Астана дауысы» музыка және би фестивалі, қазақстандық және шетелдік цирк әртістерінің фестивалі, Азия елдері фотосуретшілерінің спорт тақырыбындағы фестивалі, «Тәуелсіздік» сарайында орналасатын «Қазақ ауылы» фестивалі және бейнелеу өнерінің көрмесі өткізіледі.

«Мәдени Азиада» жобасы аясында көптеген мәдени шаралар қолға алынады. Олардың есіктері барлық келем деушілер үшін ашық. Қажет болған жағдайда Азиада қонақтары үшін экскурсиялар ұйымдастырылатын болады. Қала қонақтарды қарсы алуға және өзінің ең әдемі жерлерін көрсетуге дайын», - деп атап өтті Басқармадан.