Азиада құрметіне алыстағы ауданда мұз айдыны ашылды

ОРАЛ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Жәнібек ауданы орталығында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанында мұз айдыны ашылды.
None
None

Мұның өзі қазақстандықтардың 30 пайызының спортпен шұғылдануы қажеттігі жөнінде Елбасының Жолдауында айтылған қағидамен қабысып жатыр. Аудан әкімі Рыспай Өтешевтің айтуынша, алаңдағы мұз айдыны көлемі әлі де кеңейтілетін болады. Еліміз Азиада алауын қарсылап жатқан күндерде мұнда қысқы спорт түрлерінен жарыстар өткізілуде. Салауатты өмір салтын ұстануға бейім жандардың мұз айдынына келіп, бойын да, ойын да сергітуге мүмкіндігі бар.

Мұз айдынының ашылу салтанатынан кейін аудан әкімдігі мен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командалары арасында шайбалы хоккейден жолдастық кездесу өтті. Бұл сайыста аудан әкімдігінің командасы жеңіске жетті. Шара барысында бұдан басқа аудан орталығындағы №9 кәсіптік лицей, №1, Т.Жароков, А.Оразбаева атындағы мектептер мен аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы шаңғышыларының қатысуымен шаңғышылар жорығы өткізілді.

-Жұртшылық үшін мұз айдының есігі әрқашан да ашық. Бос уақытын мазмұнды өткіземін деушілер аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінен коньки алып, хоккей ойнауға, сырғанақ тебуге болады. Алдағы уақытта аудан орталығындағы мекемелер арасында шайбалы хоккейден жолдастық кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қазір алаңды жарықтандыру, музыкамен көркемдеу жұмыстары жүргізілуде,-дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Алмат Қаратаев.

Соңғы жаңалықтар