Азиада құрметіне көпшілік-спорттық шаралар өткізілді - БҚО
ОРАЛ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта Азия ойындарының құрметіне көпшілік-спорттық шаралар өткізілді.
Алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова: «Елордамыз - Астанада Азиада ойындарының алауы тұтануымен VII Қысқы Азия ойындары басталды. Биік деңгейдегі спорт додасына Азия құрлығынан 27 ел қатысуда. Елбасы Н.Назарбаевтың беделі мен тікелей қолдауының нәтижесінде елімізде бірінші рет қысқы Азия ойындарының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтуі - халқымыз үшін тамаша табыс, ерекше тарихи оқиға», деді. Сондай-ақ Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев, спорт ардагері Ғибатолла Тілебалиев және басқалар ел спорты тұғырының биіктей түсуіне тілектестігін білдірді.
Салтанатты жиыннан соң мектеп оқушылары мен ересектер арасында «Қысқы футбол», ақ қар үстінде арқан тарту, шаңғы жарысы өтті. Шара барысында қазақстандық патриоттық әндер орындалды. «Жаса, Азиада!», «Жаса, Қазақстан!» деген сөздер ерекше леппен естіліп жатты.