АЗИАДА: Моңғолия құрамасы Куәйт хоккейшілерін 3:2 есебімен ұтты
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Кеше 7-ші қысқы Азия ойындары аясында Астанадағы «Барыс» спорт кешенінде басталған шайбалы хоккейден ерлер арасындағы үшінші ойында Моңғолия мен Куәйт командалары кездесті.
Премьер-дивизион санатында өткен қызықты да тартысты ойынның бірінші шайбасын Моңғолияның Мишиксурен атты хоккейшісі Куәйттің қақпасына салып, есеп ашты. Осыдан кейін Моңғолияның құрамасы қарсыластардың қақпасына тағы бір шайбаны кіргізіп, 2:0 есебімен басым түсті. Кездесудің соңғы бөлімінде ғана Куәйт құрамасы Моңғолияның қақпасына екі шайба салып, ойын есебін теңестіруге тырысты. Бірақ бұған дейін булит бойынша Мишиксуреннің Куәйттің қақпасына салған үшінші шайбасы ойынның нәтижесін шешті. Есеп -3:2. Бұл ойында Моңғолия құрамасы жеңді.
Ойын Куәйт құрамасы үшін ауыр болды. Себебі ойын барысында елдің төрт бірдей хоккейшісі жарақат алып, ойыннан шығуға мәжбүр болды. Ал Абдулла Зейдан есімді куәйттік спортшы ауруханаға жеткізілді.