Азиада өткізу үшін салынған барлық нысандар республикалық меншікте қалады
СТАНА. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Азиада өткеннен кейін, оған арналып салынған барлық нысандар республикалық немесе коммуналдық меншікте қалады. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.
Алдағы жылы елімізде қысқы Азиаданы өткізуге республикалық және жергілікті бюджеттерден ауқымды ресурстар бөлінгеніне тоқталған К. Мәсімов: «Меніңше, осы елеулі шара қарсаңында салынған нысандар Қазақстанның спорттық ірі держава болуына мүмкіндік береді»,-деді. Осы орайда Үкімет басшысы Азиада өткеннен кейін салынған барлық нысандар республикалық немесе коммуналдық меншікте қалатынын жеткізді. «Атап айтқанда, жекешелендіруге ешқандай да нысанды шығармаймыз»,-деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы спорттық нысандардың басқарушылары ірі спорттық шараларды өткізу арқылы аталған нысандарды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуі керектігін айтты. Бұл өз кезегінде туризмді дамытуға жанама әсер береді, сондай-ақ жалпы дамуға жаңа мүмкіндіктер жасайды. К. Мәсімов болашақта Қазақстан бірқатар нысандарды салу арқылы 10-15 жылда бұдан да ірі спорттық шараларды өткізе алатынын қадап айтты.