Азиада ойындары тарихында тұңғыш рет «Азиада аруы» анықталады
АЛМАТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 7-Қысқы Азия ойындары аясында қала әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет «Азиада аруы-2011» сұлулық байқауы өтеді. 31 қаңтар күні спортшылар, мәдениет қайраткерлері және Азиядағы олимпиадалық қозғалыс басшыларының өкілдері ақтық сынның куәгерлері бола алады.
Байқауға үш іріктеу сыннан өткен, 18 бен 25 жас аралығындағы, әр түрлі спорт түрлерімен айналысатын қыздар қатысады. Ақтық сында Азиада ойындары тарихында тұңғыш рет «Азиада аруы» атағының иегері анықталады. 20 үміткерді еліміздің спорт, шоу-бизнес және сән әлемінің танымал тұлғалары таңдап, қазылық жасайды. Шара бағдарламасында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Сонымен қатар, дизайнер Кенже Девятко өз киім сән үлгілерін көрсетеді. Байқаудың әріптесі Chopard компаниясы. Ол басты сыйлықтарды ұсынады.
Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарында байқауға қатысушыларды іріктеуде. Ұсыныстар www.missasiada.kz ғаламтор сайтына және ProFashion www.pro-fashion.kz . сайтында қабылдануда. Іріктеу талаптарына сай келетін барлық қыздар өтініштерін 21 қаңтарға дейін аталмыш сайтқа жібере алады.
Байқаудың жартылай финалы 23 қаңтар күні «Rixos» қонақүйінде таныстырылым түрінде өтпек. Іріктеуден өткен қыздар ақтық сынға жолдама алады. Олар алдын ала бір апта кәсіби мамандардың дайындығынан өтеді.