Азиада ойындарынан кемі 2 алтын, 1 күміс жоғалтып отырмыз - Мырзағали Айтжанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Индонезияда өтетін жазғы Азиада ойындарында біз кемі екі алтын, бір күміс жүлдеден айырылып отырмыз. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.
- Азиада ойындарының бағдарламасынан ең негізгі 81, 91 және 91 келіден жоғары үш салмақ дәрежесін алып тастағаны дұрыс болған жоқ. Бұл салмақтарда Азиадада Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит және Қамшыбек Қоңқабаев басты үміткерлер болатын.
- Егер, аталған салмақтағы боксшылар Азиада ойындарына қатысса, ел қоржынына міндетті түрде медаль салар ма еді?
- Әрине, үшеуі де медальдан басты үмітті боксшылар. Айталық, Әділбек Ниязымбетов бір емес екі бірдей Олимпиаданың күміс жүлдегері. Ал Василий Левит те Риода алтынға бергісіз күміс жүлдені ұтты. Ал Қамшыбек Қоңқабаев болса соңғы кездері ел назарын өзіне аударып жүрген азамат. Үшеуі де сен тұр, мен атайын деп тұрған жігіттер. Кемі екі алтын, бір күміс жүлдеден қағылғалы отырмыз.
- Бұл шектеу барлық елдің боксшыларына бірдей жүргізілгені белгілі. Өзге боксшыларымыздан кімдер Азиадада топ жаруы мүмкін?
- Иә, бұл шектеу бізге ғана емес, Азиадаға қатысатын барлық елдерге бірдей. Сондықтан, өкінудің қажеті жоқ. Енді, қалған жеті салмақта бар күшімізді салуға тырысамыз. Ал, әзірге «анау топ жарады, мынау жүлдеге ілігеді» деп айту ертерек.
- Бұл үш салмақты не үшін алып тастады деп ойлайсыз?
- Ол жағы бізге де түсініксіз. Бізде жақында естіп, біліп жатырмыз.
- Олимпиада ойындарында да осылай жартылай ауыр және ауыр салмақтарды алып тастауы мүмкін бе?
- Олай болмайды деген үміттемін. Бұйырса Токио Олимпиадасына толық құрамда барамыз деген сенімдеміз.
- Қазіргі жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?
- Біз осы сәуірдің 16-сы күні Украинаға барып, сол жерде біріккен оқу-жаттығу жиынына қатысамыз. Ары қарай жолдастық кездесу болады. Ал мамыр айында Ресей, АҚШ, Қытай, Беларусь, Голландия сияқты бір қатар елдермен жолдастық кездесулеріміз бар және Президент кубогы жарысына қатысамыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!