Азиада үшін салынған спорттық ғимараттар болашақ спортшылар үшін аса қажет, олар әлемде теңдесі жоқ үздік нысандардың қатарына кіреді-АОК президенті Шейх әл-Фахад әл-Сабах
АТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Азия олимпиадалық кеңесінің президенті Шейх әл-Фахад әл-Сабах Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке 7-қысқы Азия ойындарының жақсы өткеніне байланысты алғыс хат жолдады.
Шейх әл-Фахад әл-Сабах жазған хатында Қазақстан үшін тарихи оқиға болып қалған Азиада ойындарының ұйымдастырылу жағынан керемет өткенін айта келіп, аталмыш ұйыммен біте қайнаса қызмет еткендері үшін алғысын білдірген. Сондай-ақ ол өз хатында Ахметжан Есімов басқарып отырған Алматы қаласындағы спорттық ғимараттар және ондағы спортшылар мен қонақтарға жасалған жағдайдың көңілден шыққанын ерекше атап өткен. Сонымен қатар АОК президенті ««Азиада-2011» додасының ұйымдастырылуы мен өткізілуі бұдан былайғы осы бәсекені қабылдайтын елдер үшін үлгі болатындығын айтқан.
Азиада үшін арнайы салынған спорттық ғимараттардың болашақ спортшылар үшін аса қажетті екенін айта келе, Шейх әл-Фахад әл-Сабах сол нысандардың әлемде теңдесі жоқ үздіктер қатарына кіретінін атап өткен.