"Азиадада Қазақстан құрамасы қай орыннан көрінеді?" - Қазақ спорт журналистерінің болжамдары

Осы сұрақтар төңірегінде бірқатар қазақ спорт журналистері өз болжамдарын білдірді. «Алаш айнасы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің спорт шолушысы Нұрғазы Сасаевтың пікірінше, Ұлттық құрама кемінде 15 алтын олжалап, бейресми жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтауы тиіс.
«Тұңғыш рет өз жерімізде өтетін 7-Қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары намысты қолдан бермеуге тырысады, әрине. Ел намысы таразыға тартылатын дүбірлі додаларда алтын медальдың салмағы басым, мәртебесі жоғары ғой. Сондықтан, біздің спортшылар кем дегенде 15 алтын алулары керек. Негізі, алтын саны жиырмаға жетіп жығылуы да ғажап емес. Мәселен, біз 7-Қысқы Азия ойындарының қожайыны ретінде осы дүбірлі додаға Азияның босқа елдері шорқақтау екі спорт түрін қостық. Олар - шаңғымен бағдарлау және допты хоккей (бенди). Шаңғымен бағдарлау спортында 8 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал бендиде - біреу. Осы екі спорттың түріндегі 9 алтынды біздің спортшылар алулары керек деп ойлаймын. Осыдан төрт жыл бұрын Чанчуньде өткен 6-Қысқы Азия ойындарында біздің спортшылар 6 алтын алған болатын. Әлгі 9-ға осы 6-ны қоссақ 15 болады. Яғни, бұл біздің кем дегенде алуымыз тиіс алтындарымыздың саны деп есептеймін. Ақ Азиада өз жерімізде өтетіндіктен, қыз-жігіттеріміз қайсарлық, жігерлілік танытулары тиіс. Соның арқасында алтын саны арта түседі, деген пікірдемін. Шайбалы хоккейден екі алтын алсақ, шаңғышы жігіттеріміздің де абыройымызды асқақтатуға әлеуеттері жетеді. Шаңғымен жүгіретін қыздарымыз да сенімді ақтайды деп ойлаймын. Тау шаңғысы мен биатлоннан да алтынсыз қалмаспыз. Ванкувер Олимпиадасында 12 жыл сарыла күткен жүлдеге жеткізген Елена Хрусталева да осы жетістігінің кездейсоқ еместігін дәлелдеуге міндетті. Бақтары жанса, басқа спорт түрлеріндегі қыз-жігіттеріміз де алтынмен апталып, күміспен күптелер. Осыдан төрт жыл бұрынғы 6-Қысқы Азия ойындарында Қытай жалпы командалық есепте 19 алтынмен бірінші орын алған болатын. Ендеше, біздің спортшылар 15-20 алтынмен жалпы командалық есепте кем дегенде екінші орын алулары керек», - деді Н. Сасаев.
Республикалық «Айқын» газетінің спорт шолушысы Ғалым Сүлейменнің ойынша, Қазақстан құрамасы бұл жолы алдыңғы орындарға ұмтылғанмен, бірінші тұғырдың ауылы алыстау секілді. «Әрине, біздің еліміздегі қысқы спорт түрлерінің Азияның көп мемлекеттеріне қарағанда әлдеқайда алда екені мәлім. Әйткенмен, менің болжауымда ел құрамасы 10 алтын, 10 күміс, 6 қола жүлделер қорымен 3 орынға тұрақтауы тиіс», - дейді Ғ. Сүлеймен.
Елімізге танымал спорт комментаторларының бірі - Есей Жеңісұлы болса, Ұлттық құраманың бұл додада топ жаратынына сенімді. «Бұрынғы Ақ Азиада ойындарынан белгілі жағдай, шорт-трек, коньки секілді спорт түрлерінен алтын жүлделер басқалардың қоржынында кетеді. Оған мүмкіндігіміз аз. Алайда, қалған спорт түрлерінің барлығынан дерлік қазақстандықтардың бас жүлдеге таласуға мол мүмкіндіктері бар. Оған және өзіміз қосқан допты хоккей мен шаңғымен бағдарлау сайыстарының алтындарын қосыңыз. Қорыта келгенде, ел құрамасы осы жолғы Ақ Азиадада бірінші орынды иеленеді деп ойлаймын», - деген пікірде Е. Жеңісұлы.
«Аламан» Ұлттық электронды басылымының Бас редакторы Рауан Оқас бұл пікірге қарсы. «Алтын алады-ау деген спортшыларымыздың бірі - Елена Хрусталева. Ол биатлоннан 2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Дәл қазір Азия құрлығында теңдессіз Елена Азиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінеді деп отырмыз. Фристайлшы Дмитрий Рейхерд пен шаңғышы Алексей Полторанин де жоғарғы орынға дәмелі. Бұл екі спортшы да қазір халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Күштері сарқылмаса, қоржынға алтын салуы тиіс. Ал қазақ өрендері арасынан жанкүйерлер биатлоншы Диас Кенешовке үміт артады. Ванкувер ойындарында қазақтың туын ұстап шыққан дара ұл, бұл жолы сол байрақты көкте желбіретеді деген ой басым. Халықтың назары мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен мен Абзал Рақымғалиевтерге де ауады. Бұл спортшылардың бірі қоржынға жүлде салуы тиіс. Допты хоккейден (бенди) әйелдер мен ерлер хоккей құрамасы алтын жүлдегер атанады деген ойдамыз. Қорыта келгенде, жалпы саны 13 алтын аламыз деп ойлаймын.Ал, бейресми жалпыкомандалық есепте, менің пайымымша, алғашқы үштікке енеміз. Әйткенмен, бірінші орынға мүмкіндік аздау сияқты», - дейді Бас редактор.