Азиадаға дайындық Елбасы назарында

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Соңғы кездері ел арасында 2011 жылы елімізде өтетін VII қысқы Азия ойындарына қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып жүр еді.Олардың ұзын-ырғасы «Азиада Алматыда емес, Астанада өтетін болыпты», «жарыс бағдарламасындағы кейбір спорт түрлері қысқартылатын көрінеді», «дағдарыстың кесірінен ойындарды өткізуге қажетті

Азиадаға дайындық Елбасы  назарында
қолданыстағы нысандарға күрделі жөндеу жүргізуге және жаңаларының құрылысын салуға қаржы жетпей жатқан сияқты», деген мазмұнды қамтитын. Спорт жанкүйерлерінің талайының көңілдерін екіұдай етіп жүрген мұндай жел сөздерге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда Алматыға жасаған жұмыс сапарының барысында нүкте қойылғандай. Қаланың стратегиялық дамуына арналған отырыста Елбасы Алматының Азиадаға дайындығының қарқынына көңілі толмайтынын білдіріп, мемлекет үшін аса маңызды бұл жобаны тиімді жүзеге асыру үшін қала әкімдігіне бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Үкіметке Азиадаға қажетті Алматыдағы нысандарды дайындауға қосымша 13 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаржының 2 млрд. теңгесі «Медеу» мұз айдынын қайта жөндеуді аяқтауға, 5 млрд. теңгесі биіктіктері 95 метр және 125 метр болатын шаңғымен секіретін екі тұғырдың құрылысын аяқтауға, ал 6 млрд. теңгесі «Шымбұлақ» кешенін қайта жөндеуден өткізуге жұмсалатын болады. Сәуірдің 11-і күні Азиаданы өткізуге дайындық жөніндегі кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженков мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қосымша қолдаудың нәтижесінде қала 2011 жылы Азиадаға қажетті барлық нысандарды толығымен дайындап үлгеретінін атап көрсетті. «Биылғы жылғы қаржылай қиындықтарға байланысты Азиаданың бірқатар нысандарын тоқтата тұру жөнінде қала әкімшілігі ойлана бастаған еді, енді міне Мемлекет басшысының қолдауының арқасында жұмыстар тоқтатылмайтын болды, барлық нысандар алдағы қысқа дейін, байқау сынағынан өткізу үшін толығымен пайдалануға берілуі тиіс» - деді, В. Долженков. Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2011 жылы Азиаданы өткізу үшін қазіргі уақытта қалада мынадай нысандар: Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғысы кешені, Орталық стадион, шаңғымен тұғырдан секіретін кешендер, «Ерменсай», «Медеу», «Шымбұлақ» электр стансылары, ал Алматы облысының аумағында биатлон стадионы мен шаңғы стадионы дайындалып жатыр. Қаладағы Азиадаға қажетті нысандардың құрылысына қажетті қаржы шешімін тапқанын айттық. В. Долженковтың сөзіне қарағанда, Азиада ойындарына қажетті нысандарға қатысты тек бір ғана мәселе қиындық туғызып отыр. Ол ? Алматы облысында орналасқан шаңғы және биатлон стадиондарының инженерлік коммуникациясына түсіп отырған ауырлық. «Аталған нысандар мен Балуан Шолақ атындағы спорт кешені республикалық бюджеттен және Туризм және спорт министрлігінен қаржыландырылады, ал орындалу мерзімін, оның кестесін және сараптауды бақылауға алу қала әкімдігіне жүктелген. Қажеттілік бола қалған жағдайда Алматы әкімдігі жұмысты күшейту үшін қажетті шаралар қабылдайды және күш салады», дейді В. Долженков. Осы айтылғандардан-ақ «Азиада Алматыда емес, тек Астанада өткізілетін болыпты» деген қаңқу сөздердің ешқандай негізсіз екенін аңғару қиын емес. Ал енді Астанаға келсек, Азиаданы өткізу үшін 30 мың адамға арналған жабық футбол стадионынының, 10 мың адамға арналған жабық мұз айдыны стадионының құрылысы салынып жатқаны, «Қазақстан» спорт сарайына күрделі жөндеу жүргізіліп отырғаны белгілі. Елордадағы бұл нысандар қаржылық жағынан қиыншылық көріп отырған жоқ. Осы аптаның басында Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қаржы министрі Болат Жәмішев Азиадаға арналған қаржы Олимпиада басталғанға дейін нысандарды аяқтауға қажетті мерзімде бөлінетінін, егер қосымша қаражат қажет болып жатса, оған Үкіметтің резерві барын айтты. «Азиада келесі жылы екені белгілі, алдағы жылдың бюджетінде бұл қаржы қажет көлемде қарастырылады. Сол себепті Президенттің Азиадаға қосымша қаржы бөлу жөніндегі тапсырмасын бұл қаржының бәрін Азиада нысандарын аяқтауға қажетті мерзімде бөлу тұрғысынан қарастыру қажет», деді өз сөзінде Қаржы министрі. Енді жарыстың бағдарламасы жайлы бірер сөз. Бағдарлама бойынша Азиадада конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шаңғы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, допты хоккей (бенди), қысқы спорттық бағдарлау сынды спорттың 11 түрінен жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Допты хоккей және қысқы спорттық бағдарлау сынды спорт түрлерінен жарыстар оларға төрт елдің командалары қатысу туралы өтініш берген жағдайда ғана өткізіледі. Спорттың екі түрінен, атап айтқанда конькимен жүгіруден, ерлер арасындағы допты хоккейден жарыстарды Астанада өткізу жоспарлануда. Дейтұрғанмен, қазіргі таңда Азиада бағдарламасындағы спорттың кейбір түрлерін қысқарту мәселесі қарастырылып жатқан сыңайлы. Мұны Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияевтың сөзінен аңғаруға болады. «... Қазіргі уақытта шын мәнінде спорттың белгілі бір түрлерін қысқарту туралы мәселе қарастырылуда. Бірақ Азияның Олимпиадалық кеңесімен келісілгеннен кейін бұл мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметі деңгейінде қаралатын болады», - деп мәлімдеген болатын осыдан біраз бұрын Т.Ермегияев. Олай болса, Азиаданың жарыс бағдарламасынан қандай да бір спорт түрлерінің алынып тасталатыны жайлы айту әлі ертерек деп білеміз. Ең бастысы, мемлекет 2011 жылғы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында Астана мен Алматы қалаларында қатар өтетін Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Қаржы дағдарысы Қазақстанға да әсер етіп жатқанына қарамастан, Үкімет жарысқа қажетті нысандарды жаңалауға және олардың құрылысын салуға қомақты қаржы бөліп отыр. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Қысқы Азия ойындарын бірінші болып қабылдайтындықтан, мемлекет ел өміріндегі маңызды шараның республикамыздың ғана емес, құрлық спортының тарихынан ойып тұрып орын алуы үшін барын салуда. Бұдан бөлек, Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы еліміз 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын Алматыда өткізуге ұмтылып көрмек. Осы игі ниеттердің барлығы орындалып жатса, бұл әрине Қазақстан спортының жылнамасындағы айтулы оқиғалар болары сөзсіз.