Азиаданың ресми сайты еліміздің спорттық және туристік әлеуетін айқындауды көздейді

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда 7-Қысқы Азия ойындарының ресми сайтында барлық қажетті ақпарат бар. Бүгін «Алау» стадионында өткен баспасөз мәслихатында «7-Қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей осылай айтты.

Азиаданың ресми сайты еліміздің спорттық және туристік әлеуетін айқындауды көздейді

Баспасөз мәслихаты барысында мәлім болғандай, Азиаданың жаңартылған веб-сайтында барша оқырман қауымға арналған үш тілді ақпарат бар. Мұнда билеттердің он-лайн сатылуы қарастырылған. «Билет» айдарында билеттің құнын және көрермен орындарының орналасу кестесін көруге болады. Сайт еліміздің спорттық және туристік әлеуетін айқындауды көздейді. Бұл жерде Азиаданың тұмары, имидждік өнім және ірі спорттық нысандар туралы толыққанды мәлімет берілген. Азиада туралы жаңалықтар, бейне және фотоматериалдар, оқиғалар күнтізбесі үнемі жаңартылып отырады. «Сонымен қатар 7-Қысқы Азия ойындарының «Қазақстан», «Хабар» және «Ел арна» арқылы тікелей көрсетілетіндігін атап өткен жөн. Онымен бірге тікелей көрсетілімдер Азиаданың барлық спорттық алаңдарында жүргізіледі», - дейді «7- Қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей.