Азиаданың үшінші күні қазақ спортшылары үшін сәтті аяқталды
САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарының үшінші күні өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Саппородағы ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың үшінші күні қазақ спортшылары үшін сәтті аяқтады. Бүгін қоржынымызға алғашқы алтын медаль түсті. Сонымен қатар бір күміс және бір қола медальға да қол жеткіздік.
Алтын медальды шаңғы спортынан 15 шақырымдық жекелей сында Ринат Мухин жеңіп алса, күмісті 1000 метрге конькимен жүгірушілер сайысында Денис Кузин қанжығасына байлады. Ал шаңғышы Елена Коломина қола медальды еншіледі. Ол кеше ел қоржынына алғашқы жүлде - күміс медаль салған болатын.
Осылайша, бір күнде үш медаль олжалаған отандастарымыз жалпы есепте Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдан кейінгі төртінші орында келеді.
Бүгін медальдар саны жағынан жергілікті спортшылар Оңтүстік Корея құрамасын басып озды. Олардың еншісінде 8 алтын, 8 күміс, 7 қола бар. Ал екінші орындағы кореялықтардың қоржынында 6 алтын, 7 күміс, 7 қола медаль бар.
Ал Қазақстан құрамасынан бір саты жоғары тұрған Қытай елінің спортшылары 5 алтын, 3 күміс, 5 қола медальға ие болды. Тағы бір айта кетерлігі бүгін Катар спортшылары да бір алтын медаль иеленіп, бесінші орынға жайғасты.
Сонымен Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарының алғашқы үш күнінде жалпы қатысып жатқан 29 мемлекеттен 5 елдің спортшылары ғана медаль алып үлгерді.