Азық-түлік делдалдарын жою үшін агромаркетплейс ашылады – Сауда министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін азық-түлік өндірушілерді, сауда желілерін және Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды тікелей байланыстыратын агромаркетплейс ашылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтып берді.
– «Қазақтелекоммен» бірлесіп, өндірушілерді, сауда желілерін және Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды тікелей байланыстыратын, делдалдарды алып тастайтын агромаркетплейсті іске қосуды қарастырудамыз. Оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған, – деді А.Шаққалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, бақылау шаралары аясында және делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмысы арқылы тиімсіз делдалдар анықталып, жойылып жатыр.
Бұған дейін Сауда министрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру және сиыр етімен ішкі нарықты толтыру шаралары туралы айтып берді.
Соңғы бірнеше жыл бойы тарифтердің жыл сайынғы өсуіне қарамастан сиыр етінің бағасы сақталып келді. Нәтижесінде көрші елдердегі жоғары сұранысқа байланысты оның бағасы ең қолжетімді әрі экспортқа тартымды болып отыр.