Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдауымыз қажет – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде аграрлық әлеует зор болғанымен, бірқатар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр. Бұл туралы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев айтты.

Қазақстандағы 648 ауыл шаруашылығы кәсіпорны цифрлық технология мен жасанды интеллект қолдануда
Фото: ҚР АШМ

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған, мазмұны терең, жауапкершілігі зор, елді елең еткізетін, болашаққа нақты бағдар беретін сөз сөйледі. Бұған дейін де Президентіміз әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық тұрақтылықты қалпына келтіріп қана қоймай, халқымыздың сенімін оятып, рухын көтеретін нақты шешімдер қабылдап, маңызды жұмыстар атқарды. Біз өңірлерге шығып, халықпен кездескен сәттерде еңбек адамдарының, фермерлердің болашаққа зор үмітпен қарайтынын көргенде, жасалып жатқан реформалардың оң нәтижесін байқап жүрміз, - деді ол.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясында отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, кейбір бағыттар бойынша шетелден келетін, субсидияланатын өнімдердің қысымына ұшырап отыруы алаңдатады.. Бұл – тікелей азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер.

- Елімізде аграрлық әлеует зор болғанымен, бірқатар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің жеткілікті дамымауы, сақтау және логистика жүйесінің әлсіздігі, ауыл шаруашылығы өндірушілерін ұзақ мерзімді әрі әділ бағамен өткізу тетіктерінің болмауы – осы саланың жүйелі проблемаларына айналып, ауыл экономикасының әлсіреуіне әкелетін қауіп төндіріп отыр, - деді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, климаттың өзгеруі, су тапшылығы, жаһандық геосаяси тұрақсыздық пен логистикалық тізбектердің үзілуі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Мұндай жағдайда мемлекет бұл мәселені тек салалық бағдарлама немесе уақытша шаралар арқылы емес, нақты заңнамалық негізде шешуі қажет.

- Осы тұрғыда Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы бастамашы болып отырған «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасын қабылдау – уақыт талабы деп есептейміз, - деді Жигули Дайрабаев.

Оның пайымынша, аталған заң жобасы:

- азық-түлік қауіпсіздігін мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындауға;
- ішкі нарықты қорғаудың нақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыруға;
- отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін жүйелі қолдауға;
- өндіріс, өңдеу, сақтау және өткізу тізбегіндегі теңгерімсіздікті жоюға бағытталған механизмдерді заң жүзінде белгілеуге мүмкіндік береді.

- Бұл заң – бір реттік құжат емес, ауылды сақтап қалуға, фермерді қорғауға және елді азық-түлікпен өз күшімен қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық шешім. Ол Мемлекет басшысы кешегі Ұлттық құрылтайда белгілеп берген әділетті экономика мен мықты мемлекет құру қағидаттарымен толық үндеседі, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бүгінгі жалпы отырыста депутаттар қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу пунктері туралы келісімге өзгеріс енгізіп, ИКАО-ға қатысты құжатты қабылдады.

Соңғы жаңалықтар