Азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде инфляциялық қысым күшейеп келеді. Бұл туралы елордада өткен брифингіде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

1 600 тоннадан астам азық-түлік: Астанада үш облыстың жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Астана әкімдігі

- Сыртқы проинфляциялық тәуекелдер күшейді. Таяу Шығыстағы шиеленістің тоқтамауы әлемде инфляциялық қысымды күшейтіп, тауар мен қаржы нарықтарындағы құбылмалылықты еселеп тұр. Осы жағдайда Еуропа Орталық банкі мен Федералды резерв жүйесін қоса алғанда, бірқатар жетекші орталық банктер ақша-кредит саясатын қатаңдатуға көшті, - деді Т. Сүлейменов.

Оның айтуынша, азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп келеді. Қыркүйек айында ФАО азық-түлік бағасының индексі бір айда 1,5 пайызға және жылдық мәнде 5,8 пайызға өсті. Астық, өсімдік майы мен қант бағасының да өскені байқалды. Ал еттің әлемдік бағасы біршама төмендеді.

- Қыркүйекте Ресейдегі инфляция 6,4% болды. Ресей Банкі орнықты инфляциялық қысым күшейгенін атап өтті. Осы жағдайда реттеуші қыркүйек айында ақша-кредит саясатын іске асыруда сақтықты ұстанып, негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде қалдырды. Еуропа одағында инфляция қыркүйек айында энергия көздеріне баға өскен тұста 3,8%-ке дейін жеделдеді. Инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты Еуропа Орталық банкі қыркүйек айында пайыздық мөлшерлемені 25 базалық тармаққа көтеріп, инфляцияны 2% нысаналы дәлізге қайтару керек деген ұстанымын растады. АҚШ-та да инфляция 3,7 пайызға дейін жеделдеді. Энергия көздері, соның ішінде ең алдымен бензин бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосты. Қыркүйекте АҚШ Федералды резервтік жүйесі инфляциялық қысымды одан әрі тежеу қажет екенін атап өтіп, мөлшерлемені 25 базалық тармаққа көтерді, - деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, әлемдік мұнай нарығында жағдай белгісіз күйде қалып отыр. Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 100 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасты.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.