Азимова: Конституция мәтінін Брайль шрифтімен басып шығару – «Әділетті Қазақстан» көрінісі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Конституциялық Сот тұңғыш рет Брайль шрифтімен мемлекеттік және орыс тілінде басылып шыққан ҚР Конституциясының тұсаукесерін өткізді. Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова бұл маңызды қадам «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес келетінін жеткізді.
Оның айтуынша, қолжетімді ортаны құру барлық қазақстандықтардың заң алдындағы теңдігі мен сот төрелігіне қол жеткізуінің конституциялық кепілдіктерінің негізін құрайды.
– «Әділетті Қазақстан» саясаты мемлекеттің адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге мүдделі. Конституциялық Сот өз жұмысында Конституцияға және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес әрбір адам үшін теңдік, қадір-қасиет және әділдік қағидатын ілгерілетуге баса мән береді. Конституция мәтінін Брайль шрифтімен басып шығару – бұл біздің осы саясатты ілгерілетуге қосқан үлесіміз, – деді Э. Азимова.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт Қазақстан Конституциясының мәтінін Брайль шрифтімен басып шығарған Конституциялық Соттың құқық қорғау құндылықтарына және ақпаратқа ортақ қолжетімділікті қамтамасыз етуге инклюзивті көзқарасын оң бағалады.
Брайль әліпбиімен шығарылған Конституция мәтінінің басылымдары 56 мекемеге, соның ішінде республикалық және аймақтық кітапханаларға, оқу орталықтары мен мамандандырылған мектептерге таратылмақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес Қазақстанда көру қабілеті бұзылған 160 мың адам тұрады екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 85 мың зағип адам тіркелген.
Бүгін елімізде Қазақстанның Конституциясы алғаш рет Брайль әліпбиінде жарық көргенін жазған болатынбыз.